Депутат БҰҰ басшылық органдарына қазақстандықтарды тартуды ұсынды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесі аппараттарында шетелдерде Қазақстанның жиырмаға жуық азаматы жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сыртқы істер министрлігінің ақпаратына сүйенсек, қазіргі кезде БҰҰ жүйесінде Қазақстанның жиырмаға тарта азаматы жұмыс істеуде. Олар біздің өкілдікте емес, БҰҰ-ның түрлі құрылымдары аппараттарында қызмет етіп жүргендер»,-деді депутат Мәулен Әшімбаев Мәжілістегі Үкімет сағатында.

Оның сөзіне қарағанда, алдағы уақытта Қазақстанның осы және басқа да өкілдерін БҰҰ-ның  түрлі басшылық органдары мен құрылымдарына жылжытуға тырысу керек.

«Жалпы, осындай саясатпен көптеген елдер айналысуда. Менің ойымша, біз де мақсатты түрде бұл бағытқа назар аударғанымыз жөн»,-деді Әшімбаев.

Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан алдағы екі жылдық кезеңге Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде өз жұмысын бастады.