Депутат дизель отыны тапшылығы мәселесіне қатысты Үкіметке сауал жолдады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Бақытжан Байахметов дизель отыны бойынша тапшылық мәселесін шешу керек екенін айтты. Осы орайда ол Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Депутаттың айтуынша, қазақстандықтар кейінгі жылдары дизель отынының тапшылығы проблемасымен бірнеше рет бетпе-бет келіп отыр. Жанар-жағармай тек талон мен карта бойынша немесе тіпті шектеулі көлемде ғана сатылған кездері болды.

Б. Байахметовтің сөзіне қарағанда, еліміздегі ірі үш мұнай өңдеу зауытында өндіріс проблемасына байланысты жыл сайын мұнай өнімдерінің тапшылығы басталады.

Сенатор бұған көрші елдердегі отын бағасы да себеп болатынын, өйткені онда бізге қарағанда жанар-жағармай қымбат екенін айтты.

Депутат 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап ЕАЭО аясында мұнай мен мұнай өнімдерінің бірыңғай нарығының нормасы енгізілетінін еске салды. Оған біздің елден басқа Ресей мен Қырғызстан кіреді, оларда отын бағасы жоғары.

Осы орайда, Бақытжан Байахметов Үкіметке бірнеше сұрағын жолдады.

«Үш ірі мұнай өңдеу зауытының өндірістік қуатында барынша жұмыс істеуін ескере отырып, Үкімет мұнай өнімдері өндірісінің өсуін ынталандыру үшін қандай шаралар қабылдауды жоспарлап отыр? Қазақстан мен көршілес елдер арасындағы дизель отыны бағасы бойынша жалғасып келе жатқан теңсіздігіне қатысты Үкіметтің көзқарасы қандай? Үнемі болып тұратын мұнай өнімдері мен дизель отынының тапшылығы мәселесін шешу үшін Үкіметтің орта мерзімді немесе ұзақ мерзімді жоспары бар ма?» - деді депутат Байахметов.