Депутат ел нарығындағы сүт сапасын сынға алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда жылына 4,7 млн. тонна сүт өндіріледі, олардың 4 млн. тоннасы жеке қосалқы шаруашылықтардан келеді. Бұл туралы бүгін ОКҚ брифингінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Рауан Шаекин айтты.

«Біздің елімізде жылына 4,7 млн. тонна сүт өндіріледі, олардың 4 млн. тоннасы жеке қосалқы шаруашылықтардан келеді. Бұл барлық өнімнің 87 пайызы деген сөз. Олардың тек 1 млн. 300 мың тоннасы ғана қайта өңдеуге жіберіледі. Ал қалған 3 млн.-ға жуығы жеке қолданысқа: нарыққа және басқа мақсатқа жұмсалады», - дейді депутат.

Сондай-ақ, халық қалаулысының айтуынша, кейбір кәсіпкерлерге табиғи өнімнен гөрі, сүт ұнтағымен жұмыс істеген тиімдірек көрінеді.

«Сонымен қатар, ұнтақпен жұмыс істеген тиімдірек болғандықтан, табиғи сүт қайта өңдеуге түспей жатыр. Сондықтан бүгінде сүттің сапасына қатысты бірқатар мәселелер бар», - дейді Р. Шаекин.