Депутат еліміздегі жұмыстың бұл бағытына өсімдік карантині жөніндегі 559 мемлекеттік инспектордың жауапты екенін және оның 172-сі мемлекеттік шекараның периметрі бойынша орналасқан фитосанитариялық бақылау бекеттеріне тікелей бекітілгенін атап өтті.
Сенатордың айтуынша, кейбір инспекторлар бақылау-өткізу пунктілеріне жету үшін 120 шақырымға дейін жол жүруі керек. Сонымен қатар, олар көлік шығындарын өздері көтереді. Ал, инспекторлардың жалақысы – жұмыс өтіліне қарай 84 000 теңгеден бастап 146 000 теңгеге дейін.
Депутат инспекторларды материалдық-техникалық жарақтандыру жағдайын да назардан тыс қалдырған жоқ. Облыстық аумақтық инспекцияларға 298 автокөлік қажет болып отырған кезде, олардың тек 259-ы бар.
«Еліміз үшін фитосанитариялық қауіпсіздік маңызын ескере отырып, фитосанитариялық бақылау бекеттерін тиісті заманауи зертханалармен және басқа да материалдық-техникалық қамтамасыз ету мақсатында тиісті іс-шараларды жедел түрде іске асыру қажет деп есептейміз. Бұл іс-шаралар жүйелі түрде және республикалық деңгейде жүргізілуі тиіс. Бақылау бекеттерінің санын және оларға келетін жүктемені ескере отырып, мемлекеттік инспекторлардың штат санын қайта қарастыруды, сондай-ақ инспекторлардың жалақысын көтеру, басқа да қосымша төлемдер жасау мәселесін шешуді сұраймыз», - деді сенатор.
Фото: Adam Gault/Getty Images