Депутат Газа секторындағы қазақстандықтарға қалай көмектесуге болатынын айтты

Сенатор Нурия Ниязова Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында жанжал аймақтарында жүрген қазақстандықтарға көмектесуге қатысты ұсыныс айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: senate.parlam.kz

Депутат Палестина мен Израильдегі әскери-саяси жағдайдың күрт ушығуына байланысты жайтты мысалға келтірді. Сенатор ҚР Сыртқы істер министрлігі Қазақстан азаматтарының қауіпсіз аймақтарға шығаруды ұйымдастыру жөнінде шаралар қабылдап жатқанын атап өтті.

«Біздің азаматтардың көпшілігінде байланыс бар, бірақ елшілігіміздің өкілдеріне қоңырау шалған кезде, олар байланысқа қомақты сома төлеп жатыр. Өйткені олар роуминг арқылы сөйлесеп жатыр. Олардың көпшілігінде мұндай соманы төлеуге мүмкіндігі жоқ. Сонымен қатар, сол аймақта роумингі бар операторлармен бәрі бірдей байланыса алмайды. Сондықтан осы мәселе бойынша тиісті іс-шаралар әзірленуі керек. Оған өзара нақты алгоритмі бар түрлі министрліктер жұмылдырылғаны жөн», - деді Нурия Ниязова.

Депутат аталған проблема бойынша біздің азаматтарымызды роумингте қолдау мүмкіндігін ұйымдастыруды ұсынды. Бұл мәселені телефон және басқа да байланыстарды қамтамасыз ететін компаниялармен пысықтау керек.

«Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігі Телемедицина орталығы арқылы қиын жағдайға тап болған азаматтарымызға медициналық-консультациялық көмек көрсету мүмкіндігін әзірлеуі қажет. Төтенше жағдайлар министрлігі басқа мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, тиісті хабар беру қадамдарын мессенджерлер мен СМС жіберу арқылы іске асыруы керек. Сондай-ақ Цифрлық даму министрлігі мен Әділет министрліктері шекара қызметімен тығыз байланыста жұмыс істеуі тиіс. Яғни азаматтар мемлекеттік шекараны кесіп өту кезінде қайда қоңырау шалып, қайда ақпарат жіберу тиіс екені жөнінде, қалай әрекет ету және эвакуациялауға қалай дайындалуы керектігі туралы нұсқаулық пен жадынама жіберу мүмкіндігін әзірлесін», - деді депутат сенатор.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров Газа секторындағы Қазақстан азаматтарының нақты санын айту мүмкін болмай тұрғанын айтты.