Депутат Қ.Сұлтанов: Заң жобаларына жасалатын сараптамалардың сапасы төмен

АСТАНА. 1 ақпан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -  Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Қуаныш Сұлтанов осылай мәлім етті.

«Үкімет әзірлейтін заң жобаларына сараптамалар жүргізуге бюджеттен қыруар қаржы бөлінуде. Тек үстіміздегі жылдың бюджетінде осы мақсатқа 2 млрд. 335 млн. теңге қарастырылған. Бұл бүкіл Парламент қызметінің қаржыландыру көлемінің 30 пайыздан астамын құрайды», - дейді Қ. Сұлтанов.

Депутаттың айтуынша, бір сараптама жүргізу құны 1 млн. теңге мен 6 млн. теңге аралығында болып отыр.

«Сараптамаларды атақты, белгілі, беделді заңгерлер жүргізген етіп көрсету де әдетке айналды. Сараптамалар алдында қойылатын мақсаттар мен сарапшылар алдындағы талаптарды ескеретін болсақ, заң жобалары Парламентке енгізілгенде Конституцияға сай, басқа заңдарға қайшы келмейтін, теріс әлеуметтік және экономикалық салдарға әкеп соқтырмайтын, сыбайлас жемқорлыққа жол бермейтін құжат болуы тиіс. Өкінішке қарай, жүргізілетін сараптамалардың сапасы төмен екеніне заң жобаларын қараған кезде көз жеткізіп жүрміз», - дейді депутат.

Қ. Сұлтанов заң жобаларына жұмсалып жатқан қаражат игерімінің тиімділігін тексеру қажеттігін алға тартты.