Депутат қазақстандық журналиске жасалған қастандыққа кімнің қатысы болуы мүмкін екенін айтты
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сұрағына берген жауабында Украинадағы қазақстандық журналист Айдос Садықовқа жасалған қастандықтың артында кімдер тұруы мүмкін екенін айтты.
«Бұл жерде екі нәрсеге назар аудару керек сияқты. Біріншіден, Қазақстан тарабы Украинаның күштік құрылымдарымен және қажет болса Интерпол сияқты белсенді, беделді қоғамдық тергеу органдарымен жұмыс істеуге әзір екенін Президент те айтты. Менің ойымша, эмоционалдық әңгімелер артықтау. Ешқандай дәлелсіз бір адамға немесе бір институтқа немесе мемлекетке жала жабу – үлкен ақылдың шаруасы емес», - деді депутат.
Сондай-ақ ол жылдар бойы «Бәсе» арнасын көріп келе жатқанын айтты.
«Екіншіден, өз басым да бұл іс тез ашылатын қылмыс шығар, кем дегенде атқан адамдарды табады деп ойлағанмын. Бұл заманда, бейнекамера бар, интернет бар, телефон бар дегендей, тез табуға болады ғой. Ендігі мәселе кім екенін табуда. Мен талай жылдар бойы осы каналды көріп келген адам ретінде айтсам, талай адамдардың беделіне де қатысты, мекемелерге де қатысты құжаттар шығып жатыр. Олардың да қатысы болуы мүмкін. Бүгінгі Қазақстанның ұпайын жыққысы келетінде күштер жоқ емес. Сондықтан тергеудің нәтижесін күтейік», - деді Айдос Сарым.
Президент кеңесшісі – баспасөз хатшысы Берік Уәли Мемлекет басшысының аталған оқиғаны тергеу амалдарын жіті бақылап отырғанын айтқан еді.