Депутат ІІМ-нен банк менеджерлерін алаяқтық схемаларға қарсы тексеруді талап етті

Фото: parlam.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Асхат Рахымжанов кредитпен байланысты алаяқтық схемаларға банк менеджерлерінің қатысы бар деген мәліметі айтты. 

— Қазақстанда алаяқтық тәсілмен азаматтардың атына жүйелі түрде кредит ресімдейтін ұйымдасқан қылмыстық топ жұмыс істеп келеді. Бұл мәселенің ауқымы орасан. Оған маған және партиямызға түсіп жатқан өтініштер дәлел бола алады.

Шығыс Қазақстан облысында осы схеманың әрекетінен зардап шеккен азаматтар маған жүгінді. Белгісіз нөмірлерден қоңырау шалған адамдар азаматтарды жекелеген банк филиалдарына жіберіп отырған. Азаматтар мен олардың туыстарына жалған несиелер осы филиалдар арқылы беріліп келген. Партиямызда біз құқық қорғау органдарына ұсынатын осындай қызметкерлердің тізімі бар, — дейді ол.

Депутат осы күмәнді адамдарды Ішкі істер министрлігі тексеру керек деп есептейді.

— Ішкі істер министрлігі екінші деңгейдегі банк менеджерлерінің қызметіне жан-жақты тексеру жүргізіп, жалған сенімхат арқылы кредит ресімдеу фактілеріне құқықтық баға берсін. Өз тарапымыздан жосықсыз қызметкерлердің толық тізімін ұсынамыз және тергеу шеңберінде, оның ішінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша органдармен өзара іс-қимыл жасаймыз, — деді Асхат Рахымжанов.

Еске салсақ, Қаржылық мониторинг агенттігі алаяқтықтың жаңа түрі пайда болғанын мәлім еткен болатын