Депутат Майра Айсина: Заң адамдардың жұмыс істеуіне бөгет жасамауы қажет

АСТАНА. 19 шілде. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Майра Айсина бүгін «Ақмола вагон жөндеу зауыты» АҚ-ның ұжымымен кездесіп, заң шығарушы органның биылғы қызметімен таныстырды.

Сонымен қатар, халық қалаулысы өзінің және әріптестерінің жұмысшыларды істеп жатқан жұмысынан бұрып, бір жерге жинауға қарсы екенін, лажы болса, сол жұмыс орындарына өздері барып, әркіммен жеке сөйлесуді қалайтындарын жеткізді.

«Біздің білгіміз келетіні, біз қабылдаған заңдардың сіздерге қаншалықты көмектесетіні немесе, керісінше зиянын тигізетіні. Егер де олар сіздерге қолайсыздық тудыратын болса, біз сіздердің тараптарыңыздан сәйкесінше ұсыныстар қабылдап, өзгертулер енгізуге дайынбыз. Жап-жақсы идеялар заңға айналып, қарапайым халыққа жеткенше, адам танымастай өзгеріп, сіздердің жұмыс жасауларыңызға қолбайлау болып жататын кездері де жоқ емес. Біз осындай кездесулерді сондай келеңсіздіктердің алдын алу үшін ұйымдастырамыз», - деп атап өтті М. Айсина.

Ол сондай-ақ, әрбір сайлаушының тұрмыстық мәселелері де шетте қалып қоймауы керектігін баса айтты. «Балабақша, мектеп, аурухана, баспана сияқты толып жатқан тұрмыстық мәселелер де бар. Біз сондай мәселелерге де жеке-жеке қол ұшын беруге мүдделіміз», - деді депутат.

Осыдан кейін жиналғандарға «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысындағы мәжілісмендердің атқарып отырған қызметіне тоқталды. Оның айтуынша, Парламент осы бағдарламаны жүзеге асырумен айналысатын Үкіметті қатал бақылап отырады.

«Үкіметке бұл ұнамайды, біз сонда да осы мәселелерге қанық болуға ұмтыламыз. Өткен жылы біз арнайы парламенттік тыңдау өткізіп, Үкіметтен бағдарламаны қалай іске асырып жатқанын және қаржыны қайда жұмсап жатқанын сұрадық. Біз бағдарламаның барлық 9 бағытын зерттеп шықтық. Биыл маусым айында Парламенттің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде аралық есеп жүргіздік. Желтоқсан айында оларды тағы бір тыңдаймыз, егер де берген уәделерінің орындалмай жатқанын көрсек, тиісті шараларды қолданамыз», - деді депутат.

Кездесу барысында депутат жұмысшылардың сұрақтарына жауап беріп, арыз-шағымдарын тыңдады.