Еске салсақ, Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 25 жыл толуына және ҚР Ішкі Істер министрлігінің ерекше мақсаттағы милиция жасағының 25 жылдығына арнап, сондай-ақ денсаулық сақтау саласын дамытудың «Саламатты Қазақстан-2020» мемлекеттік бағдарламасына қолдау білдірген марафоншы Дулат Иманқажы ағымдағы жылдың 6 шілдесінде «Астана-Мекке» бейбітшілік марафонына шыққан болатын.
«Бейбітшілік марафоны 3 айға ұласты. Дулат күніне 100 шақырым жолға жүгіріп отырды. Астана қаласының «Нұр Астана» орталық мешітінен жүгіріп бастаған ол еліміздің 6 облысы мен 4 мемлекеттің шекарасын қиып өтіп, 7000 шақырым қашықтықтағы қасиетті Меккеге өз аяғымен жетті», - делінген баспасөз баянында.
Желаяқ Дулат Иманқажы қыркүйектің 15-де қасиетті Меккенің топырағын басып, онда Қазақстан Республикасының көк туын көтерген болатын. Аталған сапар 2014 жылдың 13 қазанында аяқталып, Мекке қаласында көтерілген көк байрақ Республикалық мемлекеттік мұражайға тапсырылатын болды.