Депутат: Мектеп басшыларының құқығын арнайы заң бабымен қорғауды ұсынды

Фото: ҚР Парламенті Мәжілісі

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевтың атына сауал жолдап, мектептен тыс жерде заң бұзған оқушылар үшін мектеп басшыларын жазалауға заңмен тыйым салуды ұсынды.

- Соңғы уақытта еліміздің түрлі өңірлерінде мектеп оқушыларының мектеп аумағынан, сабақтан тыс уақытта, демалыс, каникул кезінде жасаған құқықбұзушылықтары үшін мектеп директорлары мен оқу бөлімінің меңгерушілерін тәртіптік жазаға тарту немесе жұмыстан шығару жағдайлары көбейіп барады. Біз бұл үрдісті өте алаңдатарлық деп санаймыз. Өйткені, мектеп басшылығы тек оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруға жауапты екенін бәріміз жақсы білеміз. Ал сабақтан тыс уақытта немесе демалыс кезеңінде болған оқиғалар үшін оларды жазалау – әділетсіздік, - деп бастады ол сауалын.

Айтуынша, бұл мәселе әсіресе ауылдарда ушығып тұр.

- Бүгінде ауыл мектептерінде директор және оқу бөлімінің меңгерушісі лауазымдарына үміткерлер табу қиын. «Ертең мен де жұмыстан шығып қалам ба? Негізсіз жауапқа тартылам ба?» деген қорқыныш мұғалімдер мен басшылардың арасында күнделікті қалыпты жағдайға айналды, - дейді депутат.

Ерболат Саурықов оқушылар мектептен тыс уақытта және каникул кезінде заң бұзса, ол үшін мектеп басшыларын жауапқа тартуға болмайтынын ресми түрде мәлімдеу керек деп есептейді.

- «Білім туралы» және «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» Заңдарға нақты түзетулер енгізіп, осы мәселені заң жүзінде реттеу қажет деп санаймыз. «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» Заңға арнайы норма енгізіп, кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылықтарының алдын алу тетіктерін егжей-тегжейлі анықтап көрсету қажет. Бұл нормаларда ата-аналардың жауапкершілігі бірінші кезекте екенін заң деңгейінде нақтылап көрсету керек, - деді Мәжіліс депутаты.

Еске салсақ, биыл қыста Семейде 6-сынып оқушысы соққыға жығылған мектеп директоры жұмыстан шығарылған болатын.