Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Нұртай Сабильянов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ағымдағы айда ауа райының қолайсыздығы, қардың көп мөлшерде түсуі, қатты аяздың ұзақ уақыт сақталуы салдарынан Шығыс Қазақстан облысы біршама шығынға ұшырап, оның салдарын жою үшін қосымша қаржы қажеттілігі туындап отыр. Атап айтқанда, бұндай қаражат елді мекендерде жылумен, отын-көмірмен қамтамасыз етуге, жолдарды қардан тазалауға, азаматтарды құтқару жұмыстарына, мал-жанды сақтау мәселелеріне арналып жұмсауды қажет етеді. Биыл облыста аязды-боранды күндері негізгі қатынас жолдарын тазалайтын техникалардың жеткіліксіздігі айқын аңғарылды. Жол бойында қалып қойған адамдарды құтқару, көліктерді сүйреп жеткізу секілді шаралар да аса қиындықтар тудырып отыр. Бұдан бөлек қалалардағы, елді мекендердегі жылу-су құбырлары істен шығуда», деді депутат.
Оның айтуынша, тұрғындарға тиісті жағдайды қалыптастырып, мал басын сақтап қалу үшін төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық департаменттің материалдық базасын жақсарту да қажет етіледі.