деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ағымдағы жылы «Халық денсаулығы туралы» заң қолданысқа енді. Заңның толық жүзеге асуын қоғам, қалың жұртшылық қолдап отыр. Ал құжаттың 159-бабында «білім беру ұйымдарында, денсаулық сақтау ұйымдарындағы кіреберістерде, мемлекеттік органдардың ғимараттарында темекі шегуге тыйым салынады», деп жазылған болатын. Бұндай шара Парламент Мәжілісінде алдымен жүзеге асырылса игі. Соған орай, «Темекі түтінінсіз Мәжіліс!» деген бастаманы жүзеге асыруды ұйымдастырып, бәріміз осыған үлес қоссақ. Өйткені темекінің халық денсаулығына, жастардың болашағына зияндылығы белгілі. Біз өзіміз қабылдаған заң бойынша халыққа үлгі көрсетуіміз керек», деді депутат Н. Сабильянов.
Сонымен бірге, депутат жақында Тайланд елінде бір топ әріптестерімен жұмыс сапары бойынша барып қайтқанын, ол елдегі темекіге қарсы күрес тәжірибелерінің тиімді жүргізілетінін алға тартты. Мәселен, депутаттың айтуынша, Тайландта темекіге қарсы негізгі төрт қағидат сақталған. «Біріншіден, темекі компанияларынан демеушілік алынбайды. Екіншіден, Қазақстанда акцизді көтеруге министрліктен бастап бәрі қарсы болды, Тайландта акциз тиісті деңгейге көтеріліп отыр. Үшіншіден, жарнамаға толық тыйым салынған. Төртіншіден, Тайландтағы темекі компаниялары өздерінің табысының 2 пайызын денсаулық сақтау қорына аударып отырады», деді Н. Сабильянов.
Депутаттың бұл бастамасын Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов та қолдап, шараны ойластыру қажеттігін атап өтті.