Депутат орман қорғаушылардың материалдық базасы туралы: Кеңестік техника мұражайына ұқсайды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Вера Ким еліміздегі орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын сынға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Таяуда болған орман өрттері еліміз үшін ауыр әлеуметтік-экономикалық зардап. Елімізде орман және оның аумақтарында шамамен 2,5 млн адам тұрады. Сол сияқты 300 мыңға жуық адам орман секторына тікелей тәуелді. Ормандарды күзету, қорғау, көбейту және пайдалану ісі орман шаруашылығы мекемелеріне тиесілі. Жуырдағы орман өрттері аталған ұйымдардың шынайы жағдайын көрсетті. Осы орайда біз екі мәселеге назар аударғымыз келеді. Біріншіден, орман шаруашылығы мекемелерін материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жергілікті атқарушы органдар облыстық бюджет және сол мекемелердің арнайы қаражаты есебінен жүзеге асырады. Облыстық бюджеттердің деңгейі бірдей емес және аймақ экономикасының даму жағдайымен байланысты», - деді Мәжіліс депутаты Вера Ким жалпы отырыста депутаттық сауал жолдай отырып.

Оның айтуынша, орман шаруашылығы мекемелерін материалдық-техникалық қамтамасыз етуге қаражат қалдық принципі бойынша бөлінеді.

«Орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық базасына назар аударсаңыз 70-ші жылдардағы кеңестік техника мұражайына ұқсайды. Бұл орман экожүйелерін сақтауға бағытталған маңызды іс-шаралардың бұзылуына ғана емес, сондай-ақ ормандар аумағын молайту жұмысы көлемінің төмендеуіне алып келеді. Екінші мәселе кадр тапшылығы. Орман шаруашылығында кадр тапшылығы көп жылдан бері сезіліп келеді. Соңғы кезде жалақының өскенін ескергеннің өзінде, елдегі ең төменгі жалақы қатарында қала береді. Орман шаруашылығы саласы қызметкерлеріне арналған әлеуметтік пакет, қосымша және көтерме ақы жоқ», - дейді ол.

Сондай-ақ, халық қалаулысы аталған сала мамандарын даярлайтын оқу орындарының да материалдық базасы мәз емес екенін айтты.

«Республикада мамандар даярлайтын 30-ға жуық оқу орнының материалдық-техникалық және оқу базасы әлсіз. Орман мамандықтарында оқитындардың контингенті кейде курста 10 студентке жетпейді. Бірақ оқығандардың өзі мамандығы бойынша жұмыс істеуге бармайды. Сонымен қатар саланың 10 мыңға жуық қызметкерінің үштен бірі ғана арнайы білім алған», - деді В. Ким.







Фото: www.parlam.kz