«Қазақстанда кинотеатр тапшылығы байқалды. Ресми статистикаға жүгінсек, еліміздегі ірі қалаларды қоспағанда, бір облысқа орташа есеппен 4 кинотеатрдан келіп тұр. Бұл – шалғай өңірлерде кино саласындағы кәсіпкерлікті дамытуға кедергі келтіруде әрі отандық кино туындыларын ауылдағы ағайынға көрсетуге қиындық тудырып тұр. Біз бұл мәселе бойынша, тұрғылықты халық санын ескере отырып, кинотеатры жоқ аудандарда Үкіметтің ықпалымен және кәсіпкерлердің қолдауымен кинотеатрлар ашуды ұсынамыз», - деді депутат.
Айтуынша, қазақстандық кино түсірушілер өз фильмдерін үлкен экранда көрсету үшін «Sulpak» «Cinema», «Меломан» сияқты ірі америкалық киностудиялардың өкілдеріне жүгінуге мәжбүр.
«Бұл жағдай, аталған ресми өкілдердің кинотеатрлардағы барлық сеанстардың уақыттарын алдын-ала брондап және келісіп қоюына байланысты туындап отыр. Отандық кино түсірушілерді қолдау мақсатында барлық кинотеатрлардың сеанстарында, оның ішінде прайм-тайм уақыттарында, Қазақстанда шығарылған киноларға арналған көрсетілім квотасын енгізуді ұсынамыз. Аталған квотаны Қазақстанның халықаралық міндеттемелерін және отандық фильмді көру үшін бастапқы уақытта сатылған билеттердің жалпы санын ескере отырып, енгізген жөн», - деді Нұргүл Тау.