«Бұл сұхбат бір жағынан жылды қорытындылады. Екінші жағынан елдің келешек бағдарын айқындаған сұхбат болды. Негізі бұл материал шағын бір аралық Жолдау сияқты. Қандай шаруа атқарылғаны, болашақта не істелетіні айтылған», — деді Павел Казанцев.
Оның пайымынша сұхбатта айтылған ұстанымдар елдің энергетика саласындағы саясаттың қалай өрбитінін айқындай түскен.
«Энергетика — ең маңызды саланың бірі. Өйткені қазір біз электр қуатының тапшылығына тап келіп отырмыз», — дейді депутат.
Мәжіліс өкілі қосарлаған билік туралы алыпқашпа әңгімелерге де осы сұхбатта нүкте қойылғанын айтады.
«Президент елде қосарланған билік болғанын осы жолы бірінші рет айтты-ау деймін. Бұл белгілі бір дәрежеде Қаңтар оқиғасына да түрткі болғаны айтылды. Өзінің бір мерзімге ғана сайланғанын, оны біз — депутаттар әрі қарай бекіте түсетінімізді тағы да қадап айтты. Конституция осындай жүйеге негізделіп толыққанын да атап өтті», — дейді Павел Казанцев.