Өз сөзінде 2007 жылдан бастап Парламент Мәжілісінің жалпы отырыстарында депутаттар өздерінің депутаттық сауалдарын қай тілде жариялағанын зерделеп келе жатқандығын айтқан Р. Халмұрадов, бұл бағытта бірқатар көрсеткіштерді жария етті. «Бесінші сайланған Парламент Мәжілісінде өткен бір жылдың ішінде ұлты қазақ депутаттар тарапынан барлығы 186 депутаттық сауал жарияланған болса, солардың 78-і немесе 42 пайызы қазақ тілінде, ал 108-і немесе 58 пайызы орыс тілінде жарияланыпты. Төртінші сайланған Мәжілісте депутаттық сауалдардың 60 пайызы қазақ тілінде, 40 пайызы орыс тілінде жарияланған болатын. Мен бұл туралы мүмкін жария түрде айтпас та едім. Бірақ 30 қаңтардағы жалпы отырыста жарияланған депутаттық сауалдар мені осыған мәжбүр етті», - дейді Р. Халмұрадов. Оның айтуынша, сол күнгі Мәжілістің отырысында 11 қазақ депутатының 9-ы өздерінің депутаттық сауалдарын орыс тілінде, ал екеу-ақ қазақ тілінде жариялаған.
«Қарапайым халық барлық мәселеде Парламентке қарайды. Себебі бізді солар сайлаған. «Парламент қай тілде сөйлейді», «Парламенттің қазақшасы қандай» деген сияқты мақалалар бұқаралық ақпараттық құралдарында басылып, хаттар келіп жатады. Оңтүстік өңірде іссапармен болып қайтқан бір топ депутаттар бұны өз көзімен көріп, құлағымен естіп қайтты. Сайлаушыларымыз елімізде қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, мемлекеттік тіл мәртебесіне лайық төрден орын алуында өздері сайлаған депутаттардың алдыңғы қатарда болуларын қалайды. Осы сенімге лайық болып, өзге тілдің бәрін білейік, өзіміздің мемлекеттік тілімізді құрметтейік. Елбасымыз айтқандай, Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде екендігін ұмытпайық ағайын», - деді депутат.