Депутат Ресейдегі қылмыс әлемі басшыларының Қазақстанға ағылуы қаупіне алаңдаушылық білдірді

АСТАНА. Қарашаның 17-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында  депутат Нұрлан Әбдіров Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады.

 Онда депутат көршілес Ресейде қылмыс әлемінің басшыларына жарияланған күрестен кейін, елімізге криминалдық топ беделділерінің ағылу қаупіне орай алаңдаушылық білдіріп, тиісті шараларды қамтуға үндеді,  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Соңғы уақытта көршілес Ресей Федерациясында ұйымдасқан қылмыспен күресте кешенді, жүйелі шаралар қолға алына бастады. Ең бастысы қылмыс әлемінің басшыларына, қылмыс беделділеріне  қатысты қатаң әрі теңдессіз маңызды саяси-заңнамалық шешімдер қабылданды. Мәселен, осыдан біраз бұрын, қылмыстық қауымдастық пен қылмыстық ұйымдарға қатысты жаңа ұғымдар нақтыланып, ол бойынша жауапқа тарту өмір бойғы түрмеге жабуға дейін күшейтілді. Осылайша, бұрындары «көлеңкеде» қалып, жауапкершіліктен қашып, бірақ қылмысты ұйымдастыру мен басқаруға жетекшілікті жүзеге асырғандарды жазалау да қатаң күшейетін болып отыр. Бұндай ұйымдасқан қылмыстық топ басшыларына шын мәнінде қудалау басталған жағдайда, қылмыстық әлем басшылары өз «штабтарын» көршілес мемлекеттерге орналастыруға да әрекет етуі мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды. Ең ұзын ортақ мемлекеттік шекара мен ортақ нарықтық кеңістікке ие болып отырғандықтан, оның үстіне тиісті нормативтік-құқықтық актілер қамтылмағандықтан Қазақстан мен Ресей арасында ұйымдасқан қылмыстың да «көшуінен» сақтану керек», деді депутат. Оның айтуынша, құқық қорғау органдарының мәліметтері бойынша соңғы уақытта жақын шетелдік криминалдық топ беделділерінің Қазақстан аумағына келу фактілері жиілей түскен.

«Осыған орай, Үкімет пен құзырлы органдар тарапынан алдын алу шаралары қолға алынып, қауіпсіздіктің тұрақты деңгейін сақтауды қамтамасыз ету үшін арнайы заңнамалық үдерістер жүргізілсе игі», деді Н. Әбдіров.