Депутат рұқсатсыз түсірілім мен пранктерді шектеуге қатысты пікір білдірді

Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Мәдениет және ақпарат министрлігі рұқсатсыз фото және видео түсіруді, соның ішінде пранктерді заңмен шектеуді жоспарлап отыр. Өзгеріс журналистер мен блогерлердің жұмысына қалай әсер етеді, қоғамдық ортада түсірілім тәртібі қандай болмақ? Оған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смолякова жауап берді.

Депутаттың айтуынша, мұндағы мақсат – түсірілімді толық тыйып тастау емес.

– Қазір жаһандық цифрландыру әлемінде өмір сүріп жатырмыз. Елімізде жасанды интеллект туралы заң қабылданды, қазір Мәжіліс қабырғасында цифрлық кодекс талқыланып жатыр.

Мұның барлығы азаматтардың құқығын қорғап, қауіпсіздігін сақтау үшін жасалып жатыр. Адамдарды рұқсатсыз, кез келген жерде бейнежазбаға түсіруді шектеу де сол бастамалардың бірі, – деді депутат Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында.

Смолякова атап өткендей, мәселе жалпы түсірілім тәртібін ретке келтіруде. 

– Қазақстанда қоғамдық орындарда түсіруге жалпы рұқсат бар, алайда адамдардың бейнесін пайдалану бөлек реттеледі: азаматты келісімінсіз түсіре беруіңіз мүмкін, бірақ ол материалды рұқсатсыз таратуға болмайды, – деді Смолякова.

Депутат пранк жасауға қатысты контенттің алдын алу қажеттігін айтты.

– Алдын ала келісім алынбай, адамдарды әдейі күйзеліске түсіретін, қауіпті немесе ар-намысына тиетін жағдайда түсірілетін видеолар этикалық және құқықтық нормаларды бұзады, – деді депутат.

Сонымен қатар Смолякова журналистердің жұмысын шектеу көзделмегенін атап өтті.

– Мәжілісте журналистер депутаттардың бетіне камера тақап сөйлейді. Этика сақталмайтын тұстар бар. Осындай сәттерді реттеу қажет. Бұл журналистердің жұмысына кедергі келтірмеу керек. Заң жобасы енді қаралады, жұмыс тобы да енді құрылады. Оған кемінде жарты жыл уақыт кетуі мүмкін, – деп қорытындылады депутат.

Айта кетейік, бұған дейін депутат Еділ Жаңбыршин ЛГБТ-ны насихаттағандарға қандай жаза қолданылатынын айтты.