Депутат «САПСАН» авиакомпаниясының сертификат ала алмай отырғаны туралы айтты

АСТАНА. Қарашаның 11-і. ҚазАқпарат. /Айдын Бәймен/ - Үш айдан бері «САПСАН» авиакомпаниясы эксплуатант сертификатын ала алмай отыр. Бұл мәліметті бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Александр Милютин айтты. Ол осы мәселеге ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтың араласып, оң шешуіне ықпал етуін сұрады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Депутатқа «САПСАН» авиакомпаниясы» АҚ хат жазып, көкейкесті мәселелерін алға тартқан. Рұқсат беретін сертификатты ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Азаматтық авиация комитеті беретіні анық. Аталмыш авиакомпания заңды тұлға ретінде 2009 жылы шілденің 14-і күні тіркелген. Ол аймақтық авиакомпания қызметін атқарып, халықаралық авиациялық стандарттарға сәйкес Қазақстан ішінде жолаушылар тасымалдау құқығына ие болуды мақсат тұтқан. Бұл авиакомпания үстіміздегі жылы қарашаның 1-інен бастап жолаушыларды тасу қызметіне кірісуді жоспарлаған. Соған байланысты биыл шілденің 20-сы күні  ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Азаматтық авиация комитетіне тапсырыс берілген.

Қыркүйек айында Францияда осы авиакомпанияның 52 адамы, оның ішінде үш ұшқыштар экипажы, инженерлер құрамы мен бортжолсеріктері біліктілігін арттыру курсынан өткен. Ұшқыштар мен инженерлер құрамы түгелдей Қазақстан азаматтары және олар азаматтық авиацияда мол тәжірибе жинақтаған жандар. Қазіргі таңда авиакомпанияға қомақты көлемде инвестиция бөлінген.

2009 жылы қыркүйектің 7-сі күні Батыс елдері шығарған «CRJ-100» маркалы екі әуе кемесін сатып алу жөнінде акционері ҚР Көлік және коммуникация министрлігі болып табылатын «Қазақстан көлік лизингі компаниясы» АҚ-ымен қаржы лизинг келісіміне қол қойылған. Бұл екі ұшақ та қазір Алматы әуежайында тұр.

«2010 жылғы наурыздан бастап АН-24 және ЯК-40 секілді кеңестік кезеңде шығарылған ұшақтарды пайдалануды шектеу туралы ҚР Көлік және коммуникация министрінің бұйрығы өз күшіне енеді. Әуе кемелері паркін өз күштерімен жаңартуға көптеген авиакомпаниялардың жағдайлары жоқ. Қаржы дағдарысына байланысты бюджеттік қаражат та бөлінбейтіні белгілі. Мемлекет басшысы сөйлеген сөздерінде экономиканың әлеуметтік маңызға ие салаларына жекенің инвестициясын тартуды ынталандыру қажеттігі жөнінде бірнеше рет айтқан болатын. Авиациялық тасымалдар қауіпсіздік пен қол жетімді баға белгілеу арқылы ел тұрғындарының сұранысын барынша қанағаттандыруы тиіс. Осы жерде бір түсініксіз жағдай туындап тұр. Неге жеке инвесторлардың - шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің бастамасы отандық азаматтық авиацияны дамтыуға жауап беретін мемлекеттік органнан қолдау таппайды? Осы мәселені қарауыңызды сұраймын»,- деді депутат Александр Милютин.