Депутат Т.Асанов Шұбаршы ауылында лаңкестермен болған атыста қаза болған А. Иманбаевтың отбасын баспанамен қамтамсыз ету мәселесін көтерді

АСТАНА. 1 ақпан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Күш құрылымдары қызметкерлерінің әлеуметтік қолдауын арттыра түсу қажет.

Бүгін ҚР Парламенті  Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Тұрарбек Асанов осылай мәлім етті.

«Өкінішке қарай, өткен жылы біз елімізде алғаш рет терроризммен, экстремизммен бетпе-бет кездестік. Алматыда, Астанада, Атырауда, Таразда  елді дүрліктірген оқиғалар әлі күнге қоғамға үрей туғызып отыр. Бұл оқиғалардың барлығында еліміздің күш құрылымдары лаңкестерге нақты тойтарыс беріп өтті. Өкінішке қарай, бірнеше сарбазымыз ерлік жасап, бақилық болды. Лаңкестік әрекеттерді сараласақ, олардың әсіресе құқық қорғау органдарына, арнайы қызметтерге бағытталғанын байқауға болады. Сол арқылы лаңкестер қоғамда іріткі салмақ. Ендеше күш құрылымдарының материалдық және әлеуметтік қолдауын арттыра түсу керек», - деді депутат Т. Асанов.

Сонымен қатар, депутат Ақтөбе облысының Шұбаршы ауылында қайтыс болған Сұңқар арнайы мақсаттағы жасағының қызметкері А. Иманбаевтың отбасын баспанамен қамтамсыз ету мәселесін көтерді. Оның айтуынша, марқұмның артында жұбайы мен екі баласы қалған. «Қазіргі таңда олар Алматы қаласында қызметтік жатақханада тұрып жатыр», - деді Т. Асанов.