Депутат тасқын судан келген залалды өтеу қағидаларын қайта қарауды ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM – Тасқын судан зардап шеккен өңірлерде қазір залалды өтеуге біржолғы көмек төлеуге құжаттар қарқынды түрде қабылданып жатыр. Алайда үйлері су астында қалған көптеген тұрғын мемлекеттен тиісті материалдық қолдау болмай қалуы мүмкін деп алаңдап отыр. Бұл ретте, сенатор Әсем Рахметова өзінің депутаттық сауалында зардап шеккендердің проблемаларын көтерді.

Фото: Сенат

Зардап шеккендермен кездесу барысында қираған немесе су басқан үйлердегі мүлікке қатысты залалдың мөлшерін дәлелдеу кейбір адамдарға қиынға соғады деген сұрақтар сенаторға жиі қойылды. Өз мүлкін ресми тіркеп үлгермегендер, сондай-ақ саяжайларда үй салғандар да қиын жағдайға тап болған.

«Су басқан елді мекендердегі үйлерде жалға тұрып жатқандар мемлекеттен берілетін біржолғы өтемақыға қол жеткізе алмайды. Есепшоттары бұғатталған тұрғындарға берілетін біржолғы өтемақы банктер тарапынан кредиттік қарызды жабуға ұсталып қалады», - деді Ә. Рахметова Үкімет басшысы Олжас Бектеновтың атына жолдаған сауалында.

Депутат осыған байланысты залалды өтеу қағидаларына өзгерістер енгізуді, яғни су тасқыны кезінде толық қирау немесе жоғалту себебінен бағалау жүргізу мүмкін емес тұрғын үй үшін залалды өтеу тетігін әзірлеуді, сондай-ақ тұрғын емес құрылыстар мен мүлікке келген, оның ішінде су тасқыны кезеңінде жоғалған мүлікті өтеу мүмкіндігін енгізуді ұсынды.

«Саяжай учаскелерінде тіркелген және тұратын азаматтарға келген залалды өтеу тетігін қарастыруды, төтенше жағдай салдарынан зардап шеккендерге келген залалды өтеуге құжаттарды беру мерзімін 30-дан 60 күнге дейін қайта қарауды, жеке немесе мемлекеттік тұрғын үй қорынан жалға берілетін үйлерде тұратын азаматтардың мүлкіне келген залалды өтеу тәртібін айқындауды ұсынамын. Сондай-ақ төтенше жағдай кезінде шоттары бұғатталған зардап шеккендер үшін арнайы шоттар ашу мүмкіндігін қарастыру маңызды», - деді сенатор.