Депутаттың айтуынша, Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Таза Қазақстан» жобасы қоғам тарапынан кең қолдау тауып, жаңа экологиялық мәдениет пен жауапкершілікті қалыптастырудың маңызды құралына айналды.
— «Таза Қазақстан» қандай да бір саяси идеология болмасын, барлығын біріктіретін ортақ қағидат, құндылық болу керек, — деді Тілектес Адамбеков.
Ол барлық саяси партияларға «Таза Қазақстан» қағидатын өз бағдарламалары мен жарғыларына енгізуді ұсынды.
Сондай-ақ депутат қоғамды жұмылдыратын жалпыұлттық қозғалыс немесе тұрақты жұмыс істейтін штаб құру қажеттігін айтты.
— «Таза Қазақстан» идеясы-қағидаты қоғамды жұмылдыра алатын үлкен әлеуеті бар идея. Сондықтан жалпыұлттық қозғалыс немесе тұрақты түрде жұмыс жасайтын штаб құру керек, — деді депутат.
Бұдан бөлек, акцияның жүзеге асырылуы туралы ақпарат тарататын арнайы сайт пен цифрлық платформалар әзірлеу ұсынылды.
Мәжіліс депутаты экологиялық шараларды тек көктем мен күзде емес, жыл бойы тұрақты ұйымдастыру қажеттігін атап өтті. Оның пікірінше, қоқыс жинау, тарихи және табиғи орындарды түрлі жазулардан тазарту секілді жобаларды өзге маусымдарда да өткізу маңызды.
Сауалда су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі де қозғалды. Депутат ауыл шаруашылығы үшін жаңбыр және еріген қар суын жинап, сақтайтын арнайы резервуарлар жүйесін енгізуді ұсынды.
Сонымен қатар елді мекендер арасындағы жолдардың бойына көпжылдық ағаштардан «жасыл дәліздер» қалыптастыру бастамасы айтылды. Оның пікірінше, бұл қыс мезгіліндегі қар үйінділерін азайтып, жолдардың жабылу жиілігін төмендетуге мүмкіндік береді.
Осыған дейін Олжас Бектенов «Таза Қазақстан» аясында экотуризм мен волонтерлік қозғалысты күшейтуді тапсырды.