Депутат туризм саласында адал бәсекелестік тетіктерін енгізуді сұрады

Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Руслан Қожасбаев туризм саласындағы мәселені көтерді.

- Цифрлық технологиялар мен платформалық экономиканың тез дамып жатқан кезеңінде біз үшін маңызды міндет тұр. Ол - инновация мен әлеуметтік әділеттіліктің, технология мен шағын бизнестің мүдделері арасында тепе-теңдікті сақтау. Бүгін мыңдаған қазақстандық кәсіпкерді алаңдатып отырған мәселені көтергім келеді. Бұл — туризм саласы. Бұл жай ғана бизнес емес, бұл — адамның сезімі, сенімі, арманы мен жоспары. Бірақ дәл осы салада біз нарықты шайқалтып жатқан қауіпті өзгерістерді көріп отырмыз. Мен туристік агенттік қауымдастығының өкілдерімен бірқатар кездесу өткіздім. Кәсіпкерлер өздерінің бизнесіне қауіп төндіріп тұрған жағдайды айтты. Бұл ретте банктермен үлестес ірі цифрлық платформалар нарыққа тез еніп жатыр. Олар «пайызсыз» қарыз деген желеумен тұтынушылық несие ретінде берілген туристік пакеттерді бөліп-бөліп төлеуді ұсынады, - деді Р. Қожасбаев Үкімет басшысының атына жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, мұндай ұсыныстар тартымды және тұтынушылар сұранысын ынталандырады. Жалпы, цифрлық турпакеттердің нарықтық үлесі жылдам өсіп келеді және «Қамқор» қорының мәліметі бойынша бір ғана оператордың нарықтағы үлесі қазірдің өзінде 50%-дан асып жығылады. Бұл өз кезегінде компанияның басым позициясы деп танылуы мүмкін және мұндай нарықты реттеу қажет.

- Цифрлық платформа клиенттерінің бүкіл легін санаулы компания ғана өңдейді. Ал Қазақстандағы шағын турагенттер қызмет көрсетудің жаңа жүйесінен тыс қалып отыр, яғни олар табысынан айырылады… Мәселен, шетелде түрлі жағдай болады. Соның ішінде рейстерді тоқтату, виза ережелерін өзгерту, жедел медициналық көмек көрсету сияқты оқиғаларда ел азаматтары өз проблемасымен жалғыз қалуы мүмкін. Турды сатқан цифрлық платформа клиентті қолдауға қатысты жауапкершілік көтермейді, - деді депутат.

Оның сөзіне қарағанда, адамдардың шетелге сапарын қамтыған туризм нарығы монополиялық сипатқа ие болды. Цифрлық платформалар қаржылық ресурстарға, маркетингке және клиенттік базаға қол жеткізе алады. Ал дәстүрлі агенттіктерде жауапкершілік, салық және жұмыспен қамту бар. Бұл жағдайда бәсекелестік жоғалып барады.

- Бірқатар цифрлық платформар Astana Hub-та тіркелген және салықтан босатылған. Олардың дәстүрлі туристік компаниялармен салыстырғанда, айтарлықтай бәсекелестік артықшылықтары бар. Бұл тұрғыда мәселе технологиямен күресу жөнінде емес. Атап айтқанда, бәсекелестікті, ашықтықты және нарықты қорғау туралы мәселені көтеріп отырмын. Біз бизнеске бірдей жағдай жасауға міндеттіміз, - деді Руслан Қожасбаев.

Осы орайда ол туристік қызметтерді несиеге сататын және банктермен үлестес цифрлық платформалардың бәсекелестік, тұтынушылардың құқықтарын қорғау және кәсіпкерлік туралы заңнамаға сәйкестігіне ведомствоаралық талдау жүргізуді сұрады. Сонымен қатар, нарық субъектілері үшін адал бәсекелестік жасау мақсатында туризм нарығын реттеу шараларын қабылдау керек екенін айтты.

Бұдан бұрын хабарланғандай, елімізде аграрлық туризм қызметінің ережелері әзірленіп жатыр.