Депутат үлкен мәжілістерді ілеспе аудармамен қамтамасыз ету мәселесін көтерді

АСТАНА. Ақпанның 3-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Елбасының республика көлемінде үлкен мәжілістерді ілеспе аудармамен қамтамаз ете отырып, қазақ тілінде жүргізуге көшу жөнінде осыдан он жыл берілген тапсырмасы қашан жүзеге асады?

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Жарасбай Сүлейменов осы мәселені көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстанда мемлекеттік тіл мәселесіне қатысты қыруар жұмыстар атқарылып жатыр десек те, туған тіліміз әлі де төрге оза қойған жоқ. Менің ойымша, бүгінгі күні ілеспе аударманың өз деңгейінде болмауы да қазақ тілінің алқалы жиын тіліне айналуына кері әсер тигізіп келеді. Бұл ретте бірқатар негізгі мәселеге баса назар аударылса игі. Ең алдымен - Елбасының республика көлемінде үлкен мәжілістерді ілеспе аудармамен қамтамасыз ету, сөйте отырып жиындарды қазақ тілінде жүргізуге көшу жөніндегі тапсырмасы әлі де орындалмай отыр. Бұл мемлекет басшысының осыдан он жыл бұрын беген тапсырмасы болатын», деді депутат.

Сонымен бірге, Ж. Сүлейменов бүгінгі күні елімізде ілеспе аудармамен айналысатын мамандардың біліктілігі, кәсіби деңгейі де тым төмен екендігін алға тарты. Осыған орай, депутат Үкіметтен осы мәселеге тиісті назар аударып, жағдайды жақсартуға септігін тигізу қажеттігін атап өтті.