Депутат Ж. Әлиев неке жасын 16-ға дейін төмендетуді ұсынады

АСТАНА. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат - Неке жасын 16-ға дейін төмендету керек. Бүгін Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде Қазақстанның жастары мен жасөспірімдері үшін репродукциялық денсаулық бойынша ақпаратқа және қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесін талқылау барысында депутат Жұматай Әлиев осылай мәлім етті.

Жиын барысында жыныстық тәрбиеге қатысты ақпараттық қолжетімділікті 16 жасқа дейін төмендету туралы мәселе көтерілген болатын. Алайда, депутат Жұматай Әлиев бұған үзілді-кесілді қарсылық танытты. «Оны 16-ға төмендету үшін алдымен неке жасын да 16-ға дейін, тіпті 14 жасқа дейін төмендетелік. Сонда ғана келісуге болады. Сонда ғана біз жыныстық тәрбие туралы айтуға барамыз. Әйтпесе, бірін көтеріп, екіншісін төмендету тіпті ақылға қонымсыз», - дейді ол. Сонымен қатар, депутат бұл мәселеде ең алдымен шығыс жұртшылығына тән отбасы құндылығы алдымен насихатталуы керектігін, онда да ең алдымен ұлттық менталитет назарда болуы қажеттігін алға тартты.

«Қытай «бір отбасы бір бала» саясатынан бас тартып жатыр. Испания түсік жасатуға мүлдем тыйым салатын заң жобалауда. Ал бізде ше? Тәуелсіз ақпараттар бойынша 3 млн. әйел түсік жасатады. Жарайды, жасатсын, ал одан кейінгі әйелдің бала туу қабілеті сақтала ма? Мәселе сонда. Ал біз мынадай дүние енгізсек, түсік жасатудың көкесін сонда көреміз. Оңтүстік Қазақстан облысында ата-аналар да мұғалімдер де қарсы деп мына халықаралық сарапшылар өздері айтады. Ал біз бұны қабылдасақ оларға қай бетімізбен қараймыз? Мен мүлдем қарсымын», - деді депутат.