Депутат Ж. Асанов мемлекеттік тілді білмейтін қызметкерлерді Қызылордаға жіберуді ұсынады

АСТАНА. Маусымның 16-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Жақып Асанов мемлекеттік қызметкерлер үшін мемлекеттік тілді үйретудің тағы да бір тың әдісін енгізу туралы бастама көтерді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кез келген тілді үйрену деңгейінің тиімді әдісі - сол тілдің отанына барып, тіл үйрену курстарында оқып, ләж болса сондай ортаға «қоныстану». Ағылшын тілін білгісі келетіндер - Англияға, Қытай тілін білгісі келетіндер - Қытайға, французшаға ұмтылатындар - Францияға барып жатады. Бұл жағдайда тіл үйренуші қалыпты ортадан айырылып, жергілікті тұрғындармен күнделікті араласып, солардың тілінде сөйлеуге мәжбүр болады. Сонда тіл меңгеру үдерісі әдеттегіден де қарқынды жүреді. Бұндай әдіс тілдік ортаға терең бойлау деп аталады», дей келе депутат бұндай әдісті мемлекеттік тілді үйренуден мақұрым қалған қазақстандық мемлекеттік қызметкерлерге қолдану қажеттігін алға тартады.

«Мемлекеттік тілдің абыройын арттыру, оның мәртебесін көтеру ең алдымен мемлекеттік қызметкерлерге жүктелсе де, олардың басым бөлігі тілдерін әлі қазақша сындыра қойған жоқ. Бұл ретте, республикамызда қазақ тілі мәселесі толығымен шешімін тапқан өңірлер баршылық. Мәселен, Қызылорда облысын алып қараңыз. Тіл мен мәдениеттің қаймағы бұзылмаған, тілді игеруге талпынатындар үшін нағыз қолайлы орта. Сол үшін мемлекеттік тілді игеруге талпынғандарды осы өңірге жіберсек, онда тіл үйрену курстарын ұйымдастырып, қызметкерлердің отбасылық жағдайда тіл үйренуіне жағдай жасасақ ұтарымыз да мол», деді Ж. Асанов.

Депутат жоғарыда көтерілген мәселелерді ілкі жоба ретінде қарап, оны алдымен Қызылорда облысында жүзеге асыруды ұсынады.