Депутат Ж. Сүлейменов жиналыстарды мемлекеттік тілде өткізуге, ресми кездесулерде қазақша сөйлеуге шақырды
Бұл туралы ол бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімовке жолдаған сауалында мәлім етті.
«Елімізде мемлекеттік тіліміздің аса зор қоғамдық және саяси маңызға ие болып отырғандығын ешкім жоққа шығара алмайды. Сол сияқты Қазақстан Республикасында қандай салада болмасын мемлекеттік тілді еркін қолдануға, азаматтар да, қоғам да дайын десек, артық айтқандық емес. Содан ба екен, менің көңілімде күдіктен гөрі үміт басым», - дейді депутат.
Оның айтуынша, туған тіліміздің аяғын тұсап, бағын байлап тұрған күрмеуі қиын мәселелер әне-міне шешілетін, сөйтіп қазақ тілі өз тұғырына қонатын, мемлекеттік тіл ретіндегі рөлін толыққанды атқара бастайтын сияқты көрінеді де тұрады. «Осылай үмітімді үкілей отырып, Парламент депутаттары мен билік басында отырған барлық азаматтарға, барлық жиналыстарды мемлекеттік тілде өткізуге, ресми кездесулерде қазақша сөйлеуге, сөйтіп мемлекеттік тілді құрметтеуге, қолдауға шақырып отырмын. Осындай қадамға Парламент басшылығы мен депутаттар да барса, қазақ тілінде сөйлеуді бұлжымас заңға айналдырса, нұр үстіне нұр болар. Сонда туған тіліміздің көсегесі бірден көгермесе де, бір кем дүниенің орны толар еді деп ойлаймын», - деді халық қалаулысы.
Оның айтуынша, бұдан былай «баршаға түсінікті болсын» деген сылтаумен бөгде тілде шүлдірлей жөнелуден арылу керек. «Әсіресе, менің бұл сөздеріме анасының әлдиі құлағында қалмағандар, бесігінде ана тілінің уызына қанбағандар құлақ асып, қиқарланбай түзу жолға түссе деймін. Ардақты ағайын, халқымыздың сарқылмас қазынасы, ең үлкен игілігі - тарихтың өзіндей, бабалардың көзіндей ел бастаған көсемдердің тілі, сөз бастаған шешендердің тілі - қазақ тілін құрметтейік, қазақ болайық, үйде де, түзде де қазақша сөйлейік. Балаларымыз бен немерелерімізді осыған тәрбиелейік», - деді депутат.