Депутат жастарды алаяқтардан қорғау жөнінде: студенттер жеңіл табысқа сеніп жүр

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында депутат Дидарбек Ділдәбек жастарды синтетикалық есірткі тасымалынан, заңсыз қаржы айналымынан арашалауға қатысты депутаттық сауалын жариялады.

Фото: Видеодан алынған скрин

Осы орайда ол бұл сауалын Бас прокурордың, Ішкі істер министрінің, Ғылым және жоғары білім министрінің, Оқу-ағарту министрінің, сондай-ақ Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының атына жолдады.

- Жастарды синтетикалық есірткі тасымалына және банк шоттары арқылы заңсыз қаржы айналымына тарту қоғамдық қауіпсіздікке елеулі қатер төндіріп отыр. ҚР Бас прокуратураның Құқықтық статистика деректеріне сәйкес, елімізде 2025 жылы 8 280 есірткі қылмысы тіркеліп, 4 684 адам қылмыстық жауаптылыққа тартылса, 67 жасөспірім сотталған. Ал 2026 жылдың тоғыз айында 7 464 есірткі қылмысы тіркеліп, 3 282 адам қылмыстық жауаптылыққа тартылып, 59 жасөспірім сотталды. Осылайша, биылғы тоғыз айда сотталған кәмелетке толмағандардың саны өткен жылдың толық көрсеткішінің 88 пайызына жетті. Бұл деректер профилактикалық жұмысты күшейтіп, балалар мен жасөспірімдерді есірткінің заңсыз айналымына тартудан қорғау қажеттігін көрсетеді, - деді Д. Ділдәбек.

Оның айтуынша, жастарды заңсыз әрекеттерге тартудың тағы бір өзекті бағыты – дропперлік. Құқықтық статистика деректеріне сәйкес, 2026 жылғы маусымның басына қарай дропперлікке қатысты аяқталған істерде күдікті ретінде өткен 214 адамның 159-ы – 18 бен 29 жас аралығындағы азаматтар. Оның ішінде 140 адам құқық бұзу әрекеті кезінде жұмыссыз болған.

Бұл қылмыстың алдын алу шараларын жастарды жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдаумен қатар жүргізу қажеттігін көрсетеді.

- Қаржылық мониторинг агенттігінің 2026 жылғы 8 шілдедегі ақпаратына сәйкес, жыл басынан бері қылмыстық кірістерді жылыстатумен айналысқан 33 дропперлік топтың қызметі тоқтатылған. Олардың банктік шоттары арқылы 112 млрд теңгеден астам заңсыз қаржылық операция жүргізілген. Құқық қорғау органдарының жұмысын бағалай отырып, мәселені тек қылмыстық қудалаумен шешу мүмкін еместігін атап өтеміз. Қаржылық бақылау, қылмысқа қарсы іс-қимыл және жастарды әлеуметтік қолдау шаралары өзара үйлесуі тиіс. Алайда ведомствоаралық үйлестіру жеткіліксіз. Оқу жылының басында білім алушыларды ақшалай сыйақымен қызықтырып, банк шоттарын ашуға және өзге адамдардың пайдалануына беруге тарту алаңдатады. Жеңіл табысқа сеніп, шотын «жалға берген» жастар оның заңсыз қаржы айналымына пайдаланылу қаупін және өз жауапкершілігін жете түсіне бермейді, - деді депутат.

Оның пайымынша, оқу орындарындағы профилактикалық жұмыста да олқылықтар бар. Бірінші курс студенттерімен түсіндіру жұмыстары, құқық қорғау органдарының тәрбие ісіне жауапты қызметкерлермен және психологтармен байланысы жүйелі жолға қойылмаған. Ақпаратты жастарға түсінікті тілде жеткізу тәсілдерін жаңарту қажет.

- Біріншіден, оқу жылының алғашқы 15 күнінде бірінші курс студенттеріне есірткі қылмыстары мен банк шоттарын өзге адамдарға берудің қаупін түсіндіруді жүйелі ұйымдастыру қажет. Екіншіден, жастардың банк карталары мен шоттарын заңсыз пайдаланудан қорғауды күшейту қажет. 14 пен 22 жас аралығындағы азаматтардың 50 мың теңгеден асатын өзара аударымдарына қосымша биометриялық растау енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз. Студенттерді шоттарын сыйақыға беруге тарту мен күмәнді операцияларды ерте анықтау үшін банктер, құқық қорғау органдары және оқу орындары арасында жедел ақпарат алмасуды жолға қойып, тиісті міндеттерін орындамаған банктердің жауапкершілігін қарастыру керек, - деді Дидарбек Ділдәбек.

Айта кетейік, Қостанай облысы Бейімбет Майлин ауданының тұрғыны оңай жолмен ақша табу үшін 10 мың теңгеге банктік шотын алаяқтарға берген. Нәтижесінде оның шоты қылмыстық схемаға пайдаланылып, өзі қылмыстық жауаптылыққа тартылды.