Заң жобасы Мәжілістің бірқатар депутатының бастамасымен дайындалды. Олардың қатарында Мәжіліс төрағасының орынбасары Альберт Рау да бар.
Құжатты депутат Виктор Авершин таныстырды. Оның айтуынша, қаралып отырған заң жобасы жер қойнауын пайдалану саласындағы ашық бәсекелестік тәртіпті нығайтуға бағытталған. Сонымен қатар, деректер базасы және цифрландыру тетігі ретінде Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай порталын заңнамалық түрде бекіту ескерілген. Құжат аясында жаңа нормалар жер қойнауын пайдалануға қатысты заң бұзу әрекеттеріне, фаворитизм мен рейдерлік іс-қимылдарды болдырмауға мүмкіндік береді.
«Бұдан бөлек, тәжірибелік өндіріс мақсатында өндіруді сылтау етіп, қатты пайдалы қазбаларды жасырын өндіруге де тыйым салынады және ол бойынша кен орнын барлауға арналған лицензия дереу қайтарылады», - деді ол.
Құжат жобасын талқылау барысында Мәжіліс депутат Бақтықожа Ізмұхамбетов ондағы кейбір нормаға қарсылығын айтты. Таныстырылым аяқталғанан кейін депутат не үшін ескерту айтқанын түсіндірді.
«Мына заң жобасын қарауға қай уақыта және кім Үкіметке өтінім жолдады? Үкімет оған қорытындыны қалай берді? Отырыс барысында соны сұрадым. Заң жобасын даярлағандар сұрақтарымызға да жауап бере алмады. Мен 20 жылдан астам жер қойнауын пайдалану саласын басқарған адаммын. Сондықтан бұл саладағы заңнаманың мән-жайын білмесем, осы бағыттағы талқылауларға араласпас едім. Заң жобасы жұмыс тобында қаралмаған, яғни біз оны бастамадық, бірақ Үкімет «бәрі дұрыс» деген қорытындысын беріп отыр... Кез келген заң мемлекеттің мүддесін қорғау керек. Әңгіме осында. Атап айтқанда, жер қойнауына қатысты заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларда Қазақстанның мүддесін қорғайтын баптар болуы керек. Ал егер мына баптарды (ұсынылып отырған) қарасаңыздар, ол жерде мүдде жоғалып кетіп тұр. Осыны түсінгеннен кейін айтып отырмын. Мынаны оқып шықсақ, Үкімет көп нәрсеге араласа алмайды. Заң жобасында Үкіметтің мүддесін қорғайтын баптарды көрмедім. Жұмыс тобында талқылап, келісімге келуіміз керек. Ешқандай талқылаусыз, таныстырусыз Үкіметпен келісілген деген баптарды көрсетіп отыр. Олай болмайды ғой?! Енді Мәжілістегі жұмыс тобындағы талқылау кезінде, заң жобасындағы кемшіліктерді егжей-тегжейлі айтамыз», - деді Б. Ізмұхамбетов тілшілер сұрағына жауап бере отырып.