Депутат ЖОО-ларда IT мамандарын даярлау жүйесін сынға алды

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Құрылтай отырысында депутат Айжан Темербаева Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке депутаттық сауал жолдап, IT мамандарын даярлау жүйесін және жоғары оқу орындары оқытушыларына қойылатын біліктілік талабын қайта қарау мәселесін көтерді.

Фото: Ақорда

Сауал жолдаушы Ғылым және жоғары білім министрлігі ұсынған деректерді атап өтті, яғни еліміздегі 83 жоғары оқу орны 517 білім беру бағдарламасы аясында IT мамандарын даярлайды.

– 2025-2026 оқу жылына осы бағыт бойынша 11 585 мемлекеттік грант бөлінді. Ал білім беру бағдарламаларының 96,7%-ы кәсіптік стандартқа ескере отырып әзірленген. Бірақ бағдарламалардың формалды талапқа сәйкестігі түлектердің заманауи білім мен қажетті құзыретті меңгергеніне, сондай-ақ еңбек нарығында сұранысқа ие болатынына кепілдік бермейді, – деді депутат.

Ол негізгі мәселенің бірі оқытушыларға қойылатын біліктілік талабы екенін жеткізді.

Депутаттың сөзінше, қолданыстағы нормативтік талаптарға сәйкес, жоғары оқу орны оқытушыларының кемінде 40%-ы тұрақты негізде жұмыс істеуі, ал ғылыми дәрежесі бар мамандардың үлесі білім беру деңгейіне қарай 30-80% аралығында болуы тиіс. Бұл ретте, бейіндік пәндер бойынша сабақ беретін практик-мамандардың ең төменгі үлесі - небәрі 10%.

– IT бағыттарында жұмыс істейтін 7 064 оқытушының 337-сі – ғылым докторы, 1 958-і – ғылым кандидаты, 1 492-сі – PhD докторы. Оның ішінде 3 058 адам - (43,3%-ы) штаттық қызметкер. Алайда жалпы статистика білікті кадрлардың жоғары оқу орындары мен білім беру деңгейі бойынша нақты бөлінісін көрсетпейді. Қолданыстағы талаптар IT-индустрияның тәжірибелі мамандарын оқытушылық қызметке тартуға кедергі келтіруі мүмкін. Өйткені бағдарламашылар, жүйелік архитекторлар, DevOps, жасанды интеллект және киберқауіпсіздік саласының білікті мамандарының көпшілігінде ғылыми дәреже жоқ, – деді Айжан Темербаева.

Оның сөзінше, генеративті жасанды интеллектінің дамуы IT мамандарына қойылатын талаптарды түбегейлі өзгертіп жатыр. Сондықтан білім беру бағдарламаларында жүйелік архитектура, Cloud Computing, DevOps, Data Engineering, Cybersecurity, командалық жұмыс пен нақты жобаларға басымдық берілуі керек. Депутат мұндай жағдайда оқытушылардың біліктілігін үш жылда бір рет арттыру заман талабына сай келмейтінін атап өтті.

Оның пікірінше, үздіксіз кәсіби даму жүйесі қажет.

Сонымен қатар, Айжан Темербаева қазір Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Astana Hub-пен бірлесіп Tech Orda, Tomorrow School сияқты бағдарламаларды жүзеге асырып жатқанын мәлімдеді. 2021-2026 жылдары Tech Orda аясында 12,5 мыңнан астам адам білім алған. Бағдарлама ұйымдастырушыларының мәліметінше, экономикалық белсенді түлектердің 90%-ы жұмысқа орналасқан.

– Осыдан маңызды сұрақ туындайды: мемлекет неге IT мамандарын даярлауға алдымен жоғары оқу орындары арқылы қаржы бөліп, кейін олардың практикалық дағдысын толықтыру үшін қосымша қайта даярлау бағдарламасын қаржыландыруға мәжбүр? Мұндай тәжірибені университеттердің білім беру жүйесіне енгізіп, теориялық даярлық пен практикалық оқытуды ұштастыру әлдеқайда тиімді. Біздің мақсатымыз – академиялық талаптарды төмендету емес, жоғары оқу орындарында еңбек нарығының сұранысына сай, оқуын аяқтаған бойда кәсіби қызметке кірісуге дайын білікті IT мамандарын даярлау жүйесін қалыптастыру, – деп түсіндірді депутат.

Аталған мәселелерді шешу үшін ол нақты ұсыныстарын атады:

· IT оқытушыларына қойылатын біліктілік талабын қайта қарап, өндірістік тәжірибе мен кәсіби сертификатты ескеруді;

· оқытушылардың кәсіби дамуы үшін салалық тағылымдама мен технологиялық жобаларға қатысу тетігін енгізуді;

· IT білім беру бағдарламаларын жаңартып, практикалық және жобалық оқытуды күшейтуді;

· Tech Orda және Tomorrow School тәжірибесін жоғары оқу орындарына енгізіп, IT-компаниялар маманын оқытуға тартуды;

· IT-білім беру сапасын бағалауда түлектердің практикалық дағдысы мен жұмысқа орналасу көрсеткішін негізгі өлшем ретінде белгілеуді сұраймыз.

Айта кетейік, бұған дейін отандық IT қызметтер экспорты екі еседен астам өскенін жазғанбыз.