Халық қалаулылары Ирина Аронова, Альберт Рау, Василий Олейник, Александр Суслов, Иван Клименко және Серік Құсайынов өңірде он күн бойы болады. Іссапардың алғашқы күні олар жергілікті журналистермен кездесіп, жұмыс жоспарларымен таныстырды.
«Алдымен, Денисов, Таран аудандары мен Лисаков, Жітіқара, Рудный қалаларына барамыз. «Рухани жаңғыру», «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында айтылған мәселелерге ерекше мән бермекпіз. Қостанай облысындағы шағын қалалардың тағдыры алаңдатып отыр. Жуырда Парламентте Арқалық қаласының болашағы туралы мәселе көтерген едім. Моноқаладағы боксит қорының таусылатыны туралы осыдан үш жыл бұрын айтылды. Шағын қалалардағы өндіріс ошақтарына дер кезін дем беру керек. Осы және өзге де мәселелерді сіздермен талқылауға дайынмын. Келгендегі басты себебіміз де осы», - дейді мәжілісмен Альберт Рау.
Олар осы уақыт ішінде он бес қала мен ауданға барып, медицина, білім беру мекемелері мен өндіріс ошақтарының еңбек ұжымдарымен кездеспек. Әр жерде қоғамдық кездесулер өткізіп, тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдайды.