Депутаттар бидайды биоотын шығару үшін пайдалануға қарсы

А. Ақпанның 3-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Биоотын өндірісі және айналымын мемлекеттік реттеу туралы» заң жобасын екінші оқылымда талқылау барысында бірқатар депутаттар бидайды биоотын шығару үшін пайдалануға қарсы шықты. Заң жобасы осы себептерге орай Бас комитетке пысықтау үшін қайтарылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әлемде астықты мол өндіретін елдер, оның ішінде АҚШ, Канада, Ресей, Украина, Қытай, Еуроодақ мемлекеттерінде биоотын өндірісіне бидайды пайдалану үшін квота белгіленеді немесе түбегейлі рұқсат берілмейді. Биоотын өндіретін зауыттар бұны азық-түлікке жатпайтын дақылдардан - қамыс құрағынан, күріш сабанынан, ағаш үгінділерінен өндіреді. Ал мына заң жобасын талқылаған кезде аграрлық саланың ғалымдары, қоғам қайраткерлері де бидай секілді азық-түлік дақылдарын биоотын өндіруге пайдалануға қарсы шықты. Бұны квота арқылы Үкіметпен қадағалау қажеттігін айтады. Егер біз бұған қарамай, бидайды биоотын өндірісіне пайдалануғы тыйым салмасақ, онда Қазақстан азық-түлік қауіпсіздігіне мән бермейтін, биоотын өндіруге еш тосқауыл қоймайтын әлемдегі бірінші мемлекетке айналады», деді жобаны талқылау барысында депутат Ермұхамет Омаров.

Оның айтуынша, биоотын өндіретен кез-келген мемлекет ең алдымен азық-түлік қауіпсіздігін ескеріп, бидайды бұл бағытта өңдеуге рұқсат бермей отыр. «Бір жағынан дүниежүзінде миллиондаған халық аштық қасіретін шегіп отыр. Ал ЕҚЫҰ секілді беделді ұйымға төрағалық ете отырып, Қазақстан азық-түлік қауіпсіздігі бойынша ғана емес, әлемді жайлаған ашаршылық мәселесіне де өзінің ұстанымын көрсетуі шарт. Бұдан бөлек, қазақ халқы 1931-1933 жылдары ашаршылықты өз басынан өткізіп, миллиондаған адамынан айырылды. Бұны еш уақытта ұмытпау қажет. Ақша мен пайда табу үшін ғана бизнеске барлық жағдайда рұқсат беруге болмайды, басқа жақтарын да ойлаған абзал. Оның үстіне Қазақстан мұнаға бай ел. Ішкі нарықты ғана емес экспорттық әлеуетіміз де күшті. Сол үшін бидайды биоотынға пайдалануды шектеу қажет», деді Е. Омаров.

Депутаттың осы мәселесін басқа да әріптестері қолдады. Мәселен, депутат Розақұл Халмұрадов: «Қазақстанда астық мол болғанымен, жер шарында миллиондаған жұрт бір үзім нанға зар болып отыр. Егер биоотын керек болса, Үкімет оны басқа шикізаттан өңдеуді қолдасын», деді депутат.