«Депутаттар дабыл қақты. Бiрақ...» - баспасөзге шолу
*** "Егемен Қазақстан" газетiнде бүгiн Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевпен болған сұхбат «Ең дамыған елдердің барлығы бүгінгі биіктерге интеграция арқылы жетті» деген тақырыппен жарияланып отыр.
«Биыл менің Еуразиялық экономикалық одақ жөніндегі идеяны ұсынғаныма 20 жыл толады. Еуразиялық интеграция үдерісі бүгінде дамудың мүлде жаңа кезеңіне шықты. Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы тарихи шартқа 2014 жылы мамырда дәл осы жерде, Астанада қол қою жоспарлануда» - Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ХІІ Еуразиялық Медиа-форум қатысушыларына жолдаған құттықтауында осылай делінген. Біз Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевпен таяуда болатын осы оқиғаның мән-маңызы туралы сұхбат құруды жөн көрдік", - деп жазады газет.
***
Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Сенаттың жалпы отырысында бірқатар сенаторлар әртүрлі министрліктерден түсетін заң жобаларында күмән тудыратын тұстардың көбейгендігін айтып, дабыл қақты, деп хабарлайды "Айқын" газетi өзiнiң бүгiнгi санында.
"Мысалы, депутат Ерлан Нығматулин өткен айда ғана басқа заңмен жойылған норманың мына жаңа заң жобасында қайта «дүниеге келгендігіне» таңданыс білдірді: «Осы заң жобасында өнеркәсіп саласындағы тау-кен жұмыстарын келісімнен өткізу нормасы қарастырылған. Біріншіден, ол ескірген норма, «Жер қойнауын пайдалану туралы» заңда оны ешкім талап етпейді және жасамайды. Екіншіден, бұл коррупциялық норма. Бірақ кенеттен ол қайтадан сіздердің заңдарыңызда пайда болып отыр. Не себептен?», - делiнген "Д епутаттар дабыл қақты . Б ірақ ..." атты мақалада.
"Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев бұл норманың басқа заңмен жойылғанын мойындады: «Заңгерлік тұрғыдан алғанда, қандайда бір салалық заңда қандайда бір рұқсат беру процедурасының барлығы, не жоқтығы оны басқа заңға қосуға кедергі болмайды. Оның үстіне ТЖМ бұл рұқсат беру нормасының тәжірибеде қолданылмайтындығына принципті келісім берді» деп сырғытқан ол қыркүйекте Парламентке енгізілетін кәсіпкерлік туралы жаңа заңда «принципті келісімнің» рәсімделетіндігін айтты. Шынында, оның жауабынан жиналғандар түк түсінбеді", - деп жазады басылым.
"Айқын" басылымы тағы бiр мақаласында Қазақстанның бас қаласында өтетін жаһандық мамандандырылған көрменің құрылысы басталғандығын хабарлады. Газеттiң жазуынша, Астанада, Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Astana EXPO-2017» көрме кешенінің құрылыс алаңында болашаққа арналған үндеуі бар құты-капсуланы іргетасқа қалады.
Салтанатты рәсімге Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов, Президент Әкімшілігінің басшысы Нұрлан Нығматулин, сондай-ақ ЭКСПО-ға тікелей жауапты тұлғалар - Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов, Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров пен «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Талғат Ермегияев қатысқан.
«Назарбаев Университетінің» қарама-қарсы жағы алып құрылыс алаңына айналды. Құтыны қалаған соң, Мемлекет басшысы халықаралық көрме кешенінің құрылысын бастауға ұлықсат етті.
- Біз бүгін ЕХРО-2017 нысандарының құрылысына бастау бердік, - деді салтанатты рәсімде Елбасы. - Бұл бүкіл Қазақстан үшін аса маңызды нысан. Осы жылдар бойында мен Астанадағы көптеген нысандардың құрылысына бастау бердім. Қазірдің өзінде елорда тамаша күйге енді. Ал 2017 жылы біздің бас қаламыздың 20 жылдығы ЭКСПО-2017-нің ашылуына тұспа-тұс келмек.
Н.Назарбаев ЕXPO көрме кешені секілді нысанның Астанада, тіпті Қазақстан бойынша бұрын-соңды салынбағандығын мәлім етті: «Шынын айтқанда, бұл Астананың жаңа орталығына айналады. Бұл бірегей, ғажайып, көзтартымды, инновациялық нысандар болады», - деп жазылған материалда.
***
"Түркiстан" басылымы болса, мектеп оқушыларына сапалы тамақ қамтамасыз етудiң жүйесiздiгi туралы "О ңай олжа тапқан кәсіпкерлер енді оқушы тамағына қол салған ба ?" атты мақалада қозғайды.
Мақала авторы, "Таяуда Елорданың қақ ортасындағы №3 мектеп-гимназияның оқушылары түскі астан уланып, алды ауруханаға түсті. Әзірге неден уланғаны белгісіз, бірақ тендерді ұтып алған кәсіпкер де, аспазшылар да «судан тазамыз» деуден танар емес. Дайын өнімдерді мектепке басқа кәсіпкер жеткізетінін айтып ақталуда", - деп жаза келе: "Бір ғана бұл емес, көптеген облыстарда да мектеп асханасынан уланған жайттарды көптеп еститін болдық. Тендерге қатысатын кәсіпкерлер бала денсаулығын тауарға айналдырғаны ма?" деп қынжылады.
***
Ресми тiлдi "Литер" басылымы "Безвизовый режим отразится на увеличении скорости ведения бизнеса" атты мақалада 40 елмен визасыз жүйеге қол жеткiзген Қазақстан туристiк саланың дамуына оң серпiлiс әкелiп қана қоймай, елге тiкелей инвестициялардың ағылуына үлкен жол ашатындығын жазып, осы оң қадамға қатысты сарапшылардың пiкiрiн ұсынып отыр.
"Еске сала кетейiк, визасыз режим енгiзу туралы шешiм биылғы жылдың науырызында жарияланған болатын. ҚР Сыртқы iстер министрлiгiнiң жауапты хатшысы Рәпiл Жошыбаевтың хабарлауынша, аталмыш шара жақын уақыттары 10 елде iске асырылады", - делiнген мақалада.