Депутаттар «дөңгелек үстелде» техникалық реттеу және метрология мәселелерін талқыламақ

АСТАНА. 9 ақпан. ҚазАқпарат - 10 ақпан күні Астанада өтетін  дөңгелек үстел отырысы барысында еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне техникалық реттеу және метрология мәселелері бойынша түзетулер енгізуді көздейтін заң жобасы талқыға салынады.

«Дөңгелек үстелді» ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі және Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті бірлесіп ұйымдастырып отыр.

Заң жобасын әзірлеу техникалық реттеу саласындағы ұлттық заңнаманы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың (Кеден одағының жоғары органы) Мемлекетаралық кеңесінің 2009 жылғы 11 желтоқсандағы №27-нші шешімімен қабылданған халықаралық шарттарға сәйкес келтіру қажеттілігіне негізделген.

Заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобына аталған комитеттің мүшесі Елена Тарасенко жетекшілік етеді.

Дөңгелек үстелде Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Сейітсұлтан Әйімбетов кіріспе сөз сөйлейді деп күтілуде. Сонымен қатар ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрінің орынбасары Қаныш Төлеушиннің, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Рыскелді Сәтбаевтың баяндама жасауы жоспарлануда.

Аталған саланың қызметіне қатысты заң жобасын жетілдіру мәселелері жөнінде бірқатар кәсіпорындардың жетекшілері де сөз сөйлеуі қарастырылуда.