***
Биылғы жылдың үлесіндегі индустрияландыру жобаларының қатарында «Қазтелерадио» АҚ-тың технологиялық мүмкіндіктері нәтижесінде жүзеге асқан «Телегазет» жобасы да бар. Осы жоба аясында «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттері еліміздің тарихында тұңғыш рет «Отау ТВ» ұлттық телехабар тарату желісі арқылы өз оқырмандарына жедел жету мүмкіндігіне ие болды. Осы оқиғаға орай «Егемен Қазақстан» басылымы «Қазтелерадио» АҚ басқарма төрағасы Абай Қадыралиевпен арадағы сұхбатты ұсынып отыр. «Телегазет» қызметін әзірлеу идеясы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қала мен ауыл арасындағы ақпараттық теңсіздікті жою жөнінде Үкіметке берген тапсырмасына сәйкес пайда болды. Осы тапсырма негізінде біз «ОтауТВ» спутниктік телерадио хабарларын таратудың ұлттық желісінің қызметі Қазақстанның кез келген нүктесіне қолжетімді екендігін, ал отандық цифрлық эфирлік телехабар таралымын отандастарымыздың 50 пайызы көре алатындығын ескере отырып, «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» секілді еліміздің басты басылымдарын өз оқырмандарына жедел жеткізу жобасын жүзеге асыруды қолға алған едік. Соның ішінде еліміздің шеткері өңірлерінде орналасқан елді мекендер халқы да бар. Міне, осы жұртшылық қазіргі күні еліміздің жоғарыда аталған басты басылымдарын «ОтауТВ» ұсынған «телегазет» арқылы оқу мүмкіндігіне қол жеткізгендігін мақтанышпен мәлімдей аламын»,-дейді Абай Марабайұлы. Бұл сұхбат «Телегазет» деген тақырыппен берілген.
Осы басылымда «Балуанға лайық құрмет» деген мақала жарияланды. Жерлестері Мұхит Тұрсыновқа үш бөлмелі пәтер мен «Киа Рио» автокөлігін сыйға тартты. Миллиондаған көрерменді теледидарға телміртіп, барша қазақстандықтарды баураған, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесіне арналған «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы Мұхит Тұрсыновты шығысқазақстандықтар әуежайдан зор қошеметпен қарсы алды. Өскеменнің халықаралық әуежайы алдында жиылған жұртта қисап жоқ.
***
Күні кеше қос шатырлы Парламенттің 3-сессиясының шымылдығы жабылып, депутаттар арқасын кеңге салды. Дегенмен, барлық қалаулылардан 6 шілдеге дейін, яғни «Астана күні» мерекесінде елордада қала тұру сұралды. Өйткені осы мейрам аясында өтетін саналуан шараларға парламентарийлер де қатыстырылады. Одан кейін депутаттар ауыл-аймақтарға аттанып, он күн бойы әртүрлі өңірлерде жергілікті жұртшылықпен кездеседі. Содан қыркүйекке дейін қолдары бос, жағасы жайлауда: қайда демаламын, немен шұғылданамын десе де өз еріктерінде. Осы орайда «Айқын» газеті елге танымал қалаулылардың жазғы каникулдағы жоспарын «Депутаттар елде демалады» деген мақалада ұсынып отыр.
«Айқын» басылымының жазуынша, Министрлер кабинеті кешегі отырысында Әлеуметтік-экономикалық саясаттың бірінші кезектегі шараларының, «Жол картасының» жүзеге асу барысын қарады. Бұл карта елімізді құлдырау құрдымынан сақтап қалу, ел экономикасының өсу қарқынын арттыру жолын нұсқайды. Осы орайда қарқыны бәсеңдей бастаған экономикаға серпін беру үшін Ұлттық қордан 1 триллион теңге бөлінуде. Экономика министрі Е.Досаев Үкімет мүшелерін осынша қаржы тасқынының қалай игеріліп жатқандығы жайында құлағдар етті. Ал жиыннан шыққан министрден журналистер «Олимпиаданы өткізуден бас тартпаймыз ба?» деп сұрады. Осы жайында толық білгіңіз келсе, газеттің бүгінгі санындағы «Универсиада Олимпиаданың «қолына су құяды» деген мақаланы қараңыз.
***
«Экспресс-К» басылымының бүгінгі санында «Пальма-матер» атты мақала жарияланды. Астаналық ботаник Евгений Кудряк аязға төзімді пальманың ерекше түрін шығарып, оны елордада өсетіндей бейімдемек. Оның сөзіне қарағанда, бұл ағаш болашақта -35 градустық температураға үсіп кетпей, жыл бойы жасыл түрінде жайқалып тұрмақ.