«2019 жылы бірінші отандық лоукостер құрылғанда Мәжіліске бейінді министрліктің, азаматтық авиация комитетінің басшылары келіп, компанияның мақсаты – аумақтық қалаларды қамту, қымбат рейстерге бәсекелестік жасау және билетті 10 мың теңгеден аспайтын арзан бағада сату деп сендірген еді. Шын мәнінде бәсеке пайда болған жоқ, керісінше, билет бағасы Air Astana және лоукостер болып саналмайтын басқа компаниялармен шамалас. Бұл жолаушылар тарапынан наразылық туғызды», - деді «Ақ жол» фракциясының депутаты Ержан Бейсенбаев Мәжілістің жалпы отырысында.
Ол басқа авиакомпаниялардың дәл осындай бағаға жүк тасымалдау қызметтерін қосатынын, су беретінін айтты.
Билетті арзанырақ алу үшін бірнеше апта бұрын сатып алу керек.
Ал шұғыл жағдайларда, денсаулық немесе отбасылық жағдайына байланысты қазақстандықтар қымбат билет алуға мәжбүр.
Бұл азаматтардың өздеріне де, туризмнің дамуына да кері әсер етеді.
Депутат Түркиядағы лоукостерлердің дамуын мысал етті, ондағы ішкі рейстердің бағасы елдің халықаралық авиатасымалдаушыларына қарағанда арзан және қызмет көрсету сапасы да кем түспейді. Италияда да ішкі рейстердің белгіленген бағасы бар.
Оның айтуынша, FlyArystan жолаушылардың мүддесіне емес, барынша пайда табу үшін жұмыс істейді.
«Ақжол» партиясы FlyArystan авиабилеттерінің бағасын төмендетуді талап етеді», - деді ол.
Сонымен бірге, депутат FlyArystan әлі күнге дейін Air Astana компаниясына тиесілі екенін атап өтті.
Тіпті екі компанияның бухгалтерлік есебі де бөлінбейді. Олардың иесі бір және бұл монополия болып саналады.
Әрине, екі компания бір-бірімен бәсекелесе алмайды. Сондықтан депутаттар оларды тез арада бөлуді талап етіп отыр.