«Біздің жер серіктеріміздің мәліметтерінің негізінде дайындалған отандық геокарталарды қашаннан бастап пайдалана аламыз? Осы орайда Яндекс-карта мен Google Maps-тың орнына өзіміздің өнімді қашан іске қосамыз? Немесе бізге импортты өнімді тұтынған арзанға түсе ме?»,-деп сұрады депутат Мұрат Теміржанов.
Сонымен қатар Үкімет сағатынан кейін дәл осы сауал тілшілер тарапынан қойылды.
Өз кезегінде министр Бейбіт Атамқұлов бұл бағыт отандық бағдарламалық өнімдерді құрумен байланысты екенін жеткізді.
«Атап айтқанда, ескерту софтерлік өнеркәсіпке қарай бағытталды. Бүгінде біздің министрлік софтерлік өнеркәсіпті жандандыру тұрғысында жұмыстарды бастап жатыр. Осы бағытты дамыту үшін іске асырылған барлық мүмкіндіктерімізді пайдалана аламыз», - деді ведомство басшысы.
Айта кетейік, бүгінде Қазақстанда ғарыштық байланыс және жерді қашықтықтан зондтау бойынша екі ғарыштық жүйе табысты жұмыс істеуде. «KazSat» ғарыштық байланыс жүйесі» «KazSat-2» және «KazSat-3» Ақмола облысының Ақкөл қаласында және Алматы қаласының маңындағы екі жер үсті басқару кешендерінен тұрады.
2023 жылға қарай «KazSat-2R» жасалып, онымен «KazSat-2» жер серігі жоспарлы ауыстырылмақ. Ал қазіргі уақытта Жерді қашықтықтан зондтау екі спутниктен тұрады, яғни осы топтамада «KazEOSat-1», «KazEOSat-2» аппараттары қамтылған.