Депутаттар Қылмыстық-атқару заңнамасын жетілдіру мәселелерін талқыламақ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәжіліс Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен Палата бюросы өтті. Онда депутаттардың алдағы жалпы отырысында қаралатын мәселелер нақтыланды.

Депутаттардың талқылауына Қылмыстық-атқару кодексі екінші оқылымға шығарылады, деп хабарлайды ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының баспасөз қызметінен.

Құжат жайында баяндай келе, салалық комитет заң жобасы сотталғандардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалу деңгейін, қылмыстық жазаларды орындаудың тиімділігін, оларға тәрбиелік тұрғыдан ықпал етудің сапасы мен дәрежесін жақсарту және қажетті әлеуметтік, құқықтық және психологиялық көмек көрсету мақсатында қылмыстық-атқару заңнамасын одан әрі жетілдіруге бағытталғанын мәлімдеді.

Жалпы отырыста «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластері туралы заң жобасы ілеспе түзетулерімен екінші оқылымда қаралады.

Палатаның күн тәртібіне Қазақстан-Ресей аралық әуе шабуылына қарсы қорғанысының бірыңғай өңірлік жүйесін құру туралы Келісімді ратификациялайтын заң жобасы да енгізілді.

Сондай-ақ депутаттар мақта саласын дамыту мәселелері, пошта байланысы саласындағы заңнама нормаларын Дүниежүзілік пошта одағы актілерінің нормаларымен біріздендіру және пошта операторларының қызметін реттеу мәселелері бойынша түзетулер және «Қылмыстық әрекеттен түскен табыстарды жылыстату, анықтау, алып қою және тәркілеу туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу мерзімін нақтылайтын болады.

Айта кетейік, алда болатын жалпы отырыстың күн тәртібінде депутаттардың аймақтарға шығып, сайлаушылармен кездесуі жайлы мәселе де қаралмақ.