Депутаттар мұнай айналымын мемлекеттік бақылау жөніндегі заңның орындалуын өздері бақылағаны дұрыс - З. Балиева

АСТАНА. Мамырдың 19-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Депутаттар өздері бастамашылық жасаған мұнай айналымын мемлекеттік бақылау жөніндегі заңның орындалуын өздері бақылағаны дұрыс.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Респбликасының кейбір заңнамалық актілеріне мұнай және мұнай өнімдерінің айналымы саласында мемлекеттік бақылауды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында депутат Зағипа Балиева осындай мәселе көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Депутаттың айтуынша, қолданыстағы Қылмыстық кодексте 172-і, 175-і, 183-і баптар бар. Бұл баптар мұнай құбырларына заңсыз ойық салып, ұрлаушыларды жауапкершілікке тартуды толық қамтамасыз ете алар еді.

«Алайда, бүгінгі күні мақұлданып отырған заң жобасы бұндай қылмыстың жауапкершілігін күшейте түседі. Осының өзі де құжаттың жаңалығы болып отыр. Дегенмен де, бұндай қылмысқа қатысты жауапкершілікті күшейтіп, оған қосымша шараларды қарастыра бергеннен гөрі оның дұрыс орындалуын қадағалау маңызды болып отыр. Яғни, бұндағы басты мәселе құқық қолдану тәжірибесіне байланысты», деді З. Балиева.

Сонымен бірге, депутат мұнай құбырларына ойық салу арқылы жасалатын мұнай ұрлығына қатысты бірқатар мәліметтерді алға тартты. Оның айтуынша, мұнай ұрлығына қатысты 2005 жылы 43 қылмыс тіркелген болса оның тек 2-еуіне ғана қылмыстық іс қозғалыпты. Ал 2006 жылы 45 мұнай ұрлығы жасалып, тек 1 ғана іс қозғалған, 2007 жылы - 74 ұрлық болып, 2-уіне ғана іс қозғалған. 2008 жылы - 131 мұнай ұрлығы орын алса, оның 8 фактісіне ғана қылмыстық іс қозғалыпты, ал 2009 жылы - 148 ұрлық жасалып, соның 5-еуіне ғана қылмыстық іс қозғалған.

«Жалпы, жауапкершілікті күшейткен де дұрыс. Дегенмен, бұнда негізінен құқық қолдану тәжірибесіне баса мән берген орынды. Сондықтан да, депутаттар өздері бастамашылық жасағандықтан бұл заңның орындалуын да өздері қадағалауға алса игі», деді З. Балиева.