Депутаттар өсімдіктер карантині туралы заңнаманы жетілдіруді қолға алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілісте өсімдіктер карантині туралы заңнаманы жетілдіруге бағытталған жұмыс тобының алғашқы отырысы болып өтті.

Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі, жұмыс тобының жетекшісі Әлихан Тойбаев депутаттардан келіп түскен ұсыныстар мен толықтырулар Салыстырма кестеге енгізілгенін мәлімдеді. Жұмыс тобының мүшелері заң жобасын Салыстырма кестеге енген баптар бойынша жеке-жеке қарады.

Кейбір баптар бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері жауап берді.

Жұмыс тобының отырысына қатысқан Мәжіліс депутаттары Шалатай Мырзахметов, Уәлихан Бишімбаев, Егор Каппель, Серік Сейдумановтар салыстырма кестеге енгізілген түзетулерді сарапқа салды.

Бүгінгі таңда салыстырма кестеге салалық комитеттер мен депутаттар ұсынған 20 түзету енгізілген.

Айта кету керек, «Өсімдіктер карантині туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Үкіметтен Мәжіліске үстіміздегі жылы 29 тамыз күні келіп түскен болатын.

Қазақстан Президентінің 2010 жылғы 29 сәуірдегі Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасы Өсімдіктер карантині және оларды қорғау жөніндегі халықаралық конвенцияға қосылды, соған сәйкес өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы негізгі іс-шаралардың бірі міндетті түрде фитосанитариялық тәуекелге талдау жүргізу болып табылады.

Қазақстанда фитосанитариялық тәуекелге талдау жүргізу жөніндегі аталған мемлекеттік мекемені құру көрсетілген салада халықаралық талаптарға сәйкес болуға мүмкіндік береді.

«Заң жобасында өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шараларды жүргізу үшін уәкілетті органның пестицидтердің запасын жасау тәртібін әзірлеу және бекіту бойынша құзыретін кеңейту көзделіп отыр. Сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың меншігіндегі объектілерде, сондай-ақ жер учаскелерінде карантинді арамшөптерге қарсы өсімдіктер карантині бойынша іс-шараларды меншік иелері мен жер пайдаланушылардың қаражаты есебінен жүргізу қарастырылған. Қазір депутаттар заң жобасын жан-жақты талқылау үстінде. Өз ұсыныстарын беріп жатыр. Бүгінге дейін Аграрлық мәселелер, Қаржы және бюджет комитеттері және Заңнама бөлімі, сондай-ақ жекелеген депутаттар өз түзетулерін берді»,- деді депутат, жұмыс тобының жетекшісі Әлихан Тойбаев.