Депутаттар «Самұрық-Қазына Фармация» ЖШС-нің жұмысы туралы есепті тыңдады

АСТАНА. Сәуірдің 13-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысы барысында депутаттар «Самұрық-Қазына Фармация» ЖШС-нің жұмысы туралы есепті тыңдады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Осыдан бір жыл бұрын мемлекет басшысы отандық фармацевтика саласын дамыту, қазақстандық үлес салмағын арттыру және дәрі-дәрмекті жеткізуші бірыңғай дистрибютер енгізу бойынша нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Осыған орай, 2009 жылдың наурыз айында Үкімет қаулысымен «Самұрық-Қазына Фармация» компаниясы құрылды. Соңғы мәліметтер бойынша 2009 жыл «Самұрық-Қазына Фармация» ЖШС 26 млрд. 633 млн. теңгеге 1 мың 161 келісімшартын жасаған. Дәрі-дәрмек құралдарымен орташа қамтамасыз ету 60 пайызға дейін ақшалай көлемде жүргізілген», деді жиынды ашып сөз сөйлеген Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Динар Нөкетаева.

Сонымен бірге, депутат Денсаулық сақтау министрлігінің алқа мәжілісінде дәрі-дәрмекті сатып алу-жеткізумен айналысатын бірыңғай дистрибютерлердің өз жұмыстарын дұрыс атқармай отырғандығы айтылғанын атап өтті. Оның айтуынша, осы мәжілісте ҚР вице-премьері Ербол Орынбаев дәрі-дәрмектерді жеткізуді «Самұрық-Қазына Фармациядан» аймақтарға беру туралы пікірін білдірген. Бұдан бөлек, соңғы кездері Парламент депутаттарына ел өңірлерінен дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігі жөнінде бірқатар арыз-шағымдар да келіп түскен.

Жиын барысында халық қалаулылары «Самұрық-Қазына Фармация» ЖШС Бас директорының есебін тыңдап, бірқатар сауалдарға жауап алды.