Депутаттар сертификатсыз тауарларға айыппұл мөлшерін еселеп көтеруді ұсынады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізге келіп жатқан сертификаты жоқ тауарларға айыппұл мөлшерін арттыру керек. Бүгін Мәжілісте Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің кеңейтілген отырысында Мәжіліс депутаты Азат Перуашев осылай айтты. Еске салайық, жиын барысында тұтынушы өнімдерін техникалық реттеу мәселелері талқыланған болатын.

«Техникалық реттеу саласында бірқатар мәселенің алдын алу керек, әрі бұл аса маңызды. Біріншіден, бүгінгі күні сәйкестік сертификатының болмауына қатысты салынатын айыппұл өте төмен. Қазір тіпті Қазақстанға сертификатталмаған немесе жалған сертификаттары бар тауарларды тасу шетелдіктер үшін тиімді болып отырғандай. Бұларды саудалағаны үшін салынатын айыппұл тіпті күлкіні келтіреді. Бұл өз кезегінде көлеңкелі экономиканы да тудырып жатыр. Сондықтан да, сертификатталмаған тауарды елімізге әкелу экономикалық тиімсіз болатын тетіктерді қарастырған орынды», - дейді Азат Перуашев.

Мәжіліс депутатының айтуынша, жалған құжаттар беретін сертификаттау органының басшылары мен сарапшыларына жауапкершілікті қатайту қажет. Өйткені, бұнда азаматтардың өмірі мен денсаулығына қатысты қауіптер туындап отыр.

«Бұдан соң, ондай тауарларды рыноктан жедел түрде аластату механизмін жетілдіруге тиіспіз. Өйткені, кімнің ақ, кімнің қара екенін сот арқылы дәлелдеуге біршама уақыт кетеді. Ал бұл уақытта тауар рынокқа тұтастай еніп, сатылып кетіп жатыр. Сондықтан да, сертификаты болмаған тауар бірден сатудан тыйылсын», - деді А.Перуашев.