Депутаттар сотталғандармен кездесу және сәлемдеме беру нормаларының сақталуын құптайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәжіліс депутаттары сотталғандарға қатысты олармен кездесу және сәлемдеме беру нормаларының сақталуын құптайды. Бұл туралы бүгін Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформалар комитетінің кеңейтілген отырысы барысында мәлім болды. Еске сала кетейік, онда Қылмыстық іс жүргізу кодексінің жобасы талқыланған болатын.

Тоқтала кететін жайт, Қылмыстық іс жүргізу кодексі жобасына сәйкес, Ішкі істер министрлігі сотталғандармен кездесулерді және сәлемдемелер санын қысқарту туралы ұсыныс енгізген. Мұндай позицияны Мәжіліс депутаттары «тым қаталдау нормаға» балап отыр.

Ал заң жобасы бойынша баяндаған депутат Светлана Бычкованың айтуынша, депутаттар сотталғандар үшін сәлемдеме алу мен олардың кездесуге қатысты мүмкіндігін қолданыстағы кодекс нормаларына сәйкес қалдыруды жақтайды. «Жалпы, Ішкі істер министрлігі ұсынған норма белгілі бір деңгейде шығынға ұшыратады, өйткені, ондай позиция бюджеттік қаржыны қайта қараумен байланысты. Сондықтан да ондай норманы қалыптастыру үшін бізге Үкімет қорытындысын алу керек», - деді ол.

Тоқтала кететін жайт, кодекс жобасы сотталғандардың тамақ өнiмдерi түріндегі сәлемдемелер алуына тыйым салуды, ал кездесуге нақты уақыт белгілеуді қарастырады.

Тұтастай алғанда, заң жобасы сотталғандардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалу деңгейін, қылмыстық жазаларды орындаудың тиімділігін едәуір арттыруға бағытталған.