Депутаттар су тасқыны проблемасына арнайы бағдарламаны әзірлеуді ұсынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісіндегі жалпы отырыста депутат Владислав Косарев ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың атына жолдаған сауалында су тасқынымен күреске арналған мемлекеттік бағдарламаны әзірлеуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қыс бойы Үкімет тарапынан жиналыстар мен селекторлық кеңестер өткізгенін байқадық, онда өңір басшылары су тасқынына қарсы шараларға толықтай дайын екендігін, сондай-ақ шығарылған қардың көлемі бойынша, су қоймаларын нығайту жұмыстары тұрғысында баяндап жатты. Алайда көктем келісімен, барлығы қалқып шыға бастады», - деп тоқталды депутат.

Осы орайда ол жыл сайын Парламентте  республикалық бюджетті талқылау барысында қажетті қаржы бөлініп жатқандығын атап өтті.

«Жыл сайын осы ахуал қайталанып келеді. Үйлерді, жолдарды су басуына байланысты адамдарт қиын жағдайға тап болуда. Сонымен бірге, жауапты мемлекеттік органдарда өзендерде су деңгейінің көтерілуін, қардың еруі көлемін және ірі су ағыстарының бағыттарын ешкім де болжай алмағандығы жүйелі түрде байқалуда», - дейді Косарев.

Оның сөзіне қарағанда, коммунистер бұл мәселеге кешенді түрде қадамдар жасауды ұсынып отыр. Барлық тәуекелдерге талдау жасап, жыл сайын қайталанатын проблемаларға жол бермейтіндей нақты әрі дұрыс шешім қабылдау қажет. Осы орайда көктемгі су тасқына қатысты табиғи апаттардың алдын алуға, елді мекендер мен жолдарды инженерлік қорғау шараларына, іргесі берік бөгеттер мен су қоймаларды салуға байланысты бөлек мемлекеттік бағдарламаны қабылдау ұсынысы жасалды.