Депутаттар сыбайлас жемқорлықа қатысты қылмыс жасаған адамдардың жауапкершілігін қатайту қажет деп есептейді

АСТАНА. Наурыздың 17-сі. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылық жасаған адамдардың жауапкершілігін қатайту қажет. Осы мақсатта Мәжіліс депутаттары Жақып Асанов пен Рамазан Сәрпеков жаңа заң жобасына бастамашы болып, оны Палатаның қарауына ұсынып отыр,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық үшін жауапкершілікті қатайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы «Нұр Отан» ХДП Халықтық тұғырнамасындағы, «Нұр Отан» партиясының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресу бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарындағы тапсырмаларды және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі «Нұр Отан» ХДП Фракциясының іс-шаралар жоспарының 8-тармағын орындау мақсатында әзірленді. Заң жобасы Еңбек кодексіне тиісті толықтырулар енгізу арқылы сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасаған адамдардың бюджеттік ұйымдарға және ұлттық компанияларға жұмысқа орналасуына үзілді-кесілді тыйым салуды көздейді. Сонымен қатар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік органдар басшыларының, не жауапты хатшыларының немесе президенті айқындайтын өзге де лауазымды адамдарының сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға кінәлі өздеріне бағынышты адамдарға шара қолданбағаны үшін жауапкершілігін күшейту ұсынылады. Мемлекеттік қызметке тұратын адамдарға қойылатын талаптарды қатайту мақсатында «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңдағы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылу фактісіне байланысты адамды жұмысқа қабылдамау мерзімі екі жылдан үш жылға ұлғайтылады.