Депутаттар театрларға ақылы қызмет көрсетуге мүмкіндік беруді ұсынуда
«Құрметті Бақытжан Әбдірұлы! Біздің депутаттық сауал жолдауымызға 11 наурызда өткен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау аясында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің басшылығымен және театр ұжымдарымен кездесу кезінде театр директорлары, көркемдік жетекшілерінің театрлардың бүгінгі күнгі жай-күйі бойынша көтерген өзекті мәселелері себеп болып отыр. Қазақстандағы барлық театрлардың мәселесі ортақ. Олардың бастылары жаңа шығармалардың аздығы, театрға көрермен тарту жайы, әртістерге берілетін жалақының мардымсыздығы, режиссерлердің жетіспеушілігі сияқты өзекті мәселелер», - деді ол.
Оның айтуынша, Астана қаласындағы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма және М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрларына жаңа ғимарат салынып, оларға республикалық қазыналық кәсіпорын мәртебесін беру керек.
«Екіншіден, Алматы қаласындағы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына Ұлттық қазыналық кәсіпорын мәртебесіне беру қажет. Үшіншіден, театрларға бюджеттен берілетін субсидия мөлшерін сақтай отырып ақылы түрде қызмет көрсетуге мүмкіндік беру керек. Төртіншіден, КСРО халық әртістеріне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлеріне ұсынылатын жеңілдіктерді беруді қарастыру қажет», - деді Қылышбаев.