«Депутаттар ұйықтап отырады» деген қауесетті таратпаудың амалы бар» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Наурыздың 5-і. /ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда наурыздың 5-і, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «KEGOK» АҚ президенті Алмасадам Сәтқалиевті қабылдады. Кездесу барысындаА.Сәтқалиев Президентке компанияның 2009 жылғы қызметінің қорытындылары туралы есепті және Қазақстан тұтынушыларын қуат көзімен қамтудың ағымдағы жағдайы туралы, ұлттық электр желісін дамыту жөніндегі компанияның жоспарын ұсынды.

Сондай-ақ осы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Израиль Президенті Шимон Переспен телефон арқылы сөйлескен. «Әңгімелесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен даму болашағы талқыланды. Тараптар Израиль Президентінің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды, соның ішінде жоғары технологиялар бойынша бірлескен қор құруды іске асырудың маңыздылығын атап өтті. Қазақстан мен Израиль Президенттері екі елдің халықаралық және өңірлік ұйымдардың, атап айтқанда, үстіміздегі жылғы маусым айында кезекті саммиті өткізілетін АӨСШК аясындағы әрекеттестігі мәселесін талқылады, деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті.

Сәрсенбі күні Мәскеуде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов пен Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Владимир Путиннің кездесуі болып өтті. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінің жұма күнгі санында «Межелі міндеттердің орындалуы ойдағыдай» деген тақырыппен шағын мақала басылды.К.Мәсімов алға қойылған міндеттерді шешуде айтарлықтай үлкен алға басушылықтарға қол жеткізілгендігін атаса, В. Путин «Интеграциялық үдерістерде Қазақстан посткеңестік кеңістікте нағыз көшбасшы болып табылады және Кеден одағын құруда көп жұмыстар атқарды», депті өз кезегінде.

Астанада Қазақстандағы Финляндия күні аясында екі елдің 250-ден астам кәсіпкерлерінің, ұлттық компаниялар мен мемлекеттік органдар жетекшілерінің қатысуымен бизнес форум өтті. Осы жайт арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінде «Инновация үшін сұранысқа ие ел» деген тақырыппен мақала жарық көрді. «Бүгінде елімізді Суоми елімен арадағы байланыста сауда-саттық, инновацияны қолдау, жоғары технологияны игеру, мұнай және газ өнімдерін өндіру, оны саудалау мәселелері жа­қындастыруда. Кеден комитетінің мәліметтеріне сүйенсек, екі елдің арасындағы сауда айналымы өткен жылы 705,1 млн. АҚШ долларын құраған. 2008 жылы бұл көрсеткіш 1 млрд. доллар болған. Ал 2009 жылдың 9 айы бойынша Финляндияның Қазақстанға әкелген тікелей инвестициясының көлемі 21,9 млн. АҚШ долларына жеткен болса, былтырғы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында ол 2,8 млн. долларды құраған. Осы күндері елімізде 8 бірлескен кәсіпорын және 100 пайыз фин капиталының қатысуымен құралған 18 кәсіпорын жұмыс істеуде, деп жазады басылым.

«Экспресс-К» басылымының бүгінгі санында «ҚазАқпарат» агенттігі Қазақ редакциясының бас редакторы, жазушы Жарылқап Бейсенбайұлымен арадағы сұхбат «Ерекше тапсырмаларға арналған феномен» деген тақырыппен жарияланды. Ағымдағы жылы 175 жылдық мерейтойы өтетін қазақтың ұлы ғалымы жайында әңгіме өрбіткен жазушы 35 жылға созылған ізденістерінің нәтижесінде «Ғибратты ғұмыр» сериясы бойынша «Шоқан» атты көлемді кітабын жарыққа шығарған болатын.

2009 жылы өрт сөндірушілер үш мыңнан астам қазақстандықты ажал тырнағынан құтқарып қалған. Бұл туралы «Казахстанская правда» газетіне сұхбат берген ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Серік Әубәкіров айтқан. Сонымен қатар оның атап өтуінше, елімізде өрттердің саны 10 пайызға кемігенімен, олардың салдары өте ауыр болған. 17184 өрттен 558 адам қаза тауып, 604 азамат зардап шеккен. Материалдық шығын 5 миллиард теңгеден асып түскен.

Кеше Астана қаласында Финляндияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Микко Кинуннен, сыртқы сауда даму министрі Пааво Вяюрюнен және еліміздің Индустрия және сауда министрі Әсет Исекешевтің қатысуымен аталған мемлекеттік қазақстандағы елшілігі ресми ашылды. Осыған орай «Айқын» газетінің бүгінгі санында «Ынтымақтастықтың жаңа салалары пайда болды» деген тақырыппен мақала шықты. Басылымның жазуынша, Орталық Азияда тұңғыш рет ашылған дипломатиялық өкілдік Қырғызстан азаматтарына да көмек көрсетпек.

«Айқын» газетінің дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының бүгінгі қонағы - әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің деректану және тарихнама кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымының докторы, профессор Қамбар Атабаев. Басылым тілшсінің сауалдарына тұщымды жауап берген ғалымның сұхбаты «Қазақстанның тарих ғылымының зерттеу нысаны - қазақ тарихы болуы тиіс» деген тақырыпппен жарияланған. Екеуара әңгіме барысында ол «Қазақтың шыққан тегін зерттемей, оның өз тарихын зерттеу мүмкін емес. Сондықтан да Керей мен Жәнібектен бері қарайғы кезеңді ғана қазақ тарихы деп бөліп қарау - өте қате түсінік», деп өз пікірін блдіріпті. Сұхбаттың толық нұсқасын оқығыңыз келсе, басылымның бүгінгі нөміріне назар салыңыз.

«Айқын» газетінің жазуынша, кеше Мәскеуде «Наурыз банк Қазақстан» АҚ басқармасының бұрынғы төрағасы ұсталған. Бұл ақпаратты басылым Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлады. Оразалы Ержанов қызмет бабын асыра пайдаланып, ұйымдасқан топ құрып, оны басқарған және 3,5 миллиард теңге ақша ұрлаған, сонымен бірге басқа да қылмыстар жасаған деген айыптармен 2005 жылдың қазан айынан бері халықаралық іздеуде болатын.

***

«Көпбалалы аналардың зейнетке шығу жасын 50 жасқа дейін төмендету қажет пе?». Бұл сауал бүгін жарық көрген «Алаш айнасы» газетінің дәстүрлі «Ой-көкпар» айдарында «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов пен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Алдан Смайылға қойылған. Есімі елге танымал қоғам қайраткерлерінің бір-біріне қарама-қайшы жауаптарын басылымның бүгінгі санынан егжей-тегжейлі оқи аласыздар.

Мемлекеттік органдардың кез келген мәселеге қатысты қабылдаған маңызды шешімдерімен халық әркезде қанық болып отыруы шарт екендігін алға тартқан «Алаш айнасы» газеті өзінің кезекті санында «Депутаттар ұйықтап отырады» деген қауесетті таратпаудың амалы бар» деген тақырыппен мақала жариялады. «Жалпы отырыста 3-4 сағат мәжіліс құратын халық қалаулыларының жұмысын телеарналардан тікелей көрсетсе, қабылданған шешімдер, тұщымды пікірлер мен тосын ұсыныстардың барлығы ашық, жариялы түрде болар еді», деп жазады басылым. Осыған орай басылым бірқатар халық қалаулыларының пікірлерін де қоса жариялаған. Мәселен Мәжіліс депутаты Бағила Баймағамбетова «депутаттар жиналып алып құпия мәселені талқыламайтыны белгілі ғой. Сондықтан телеарналардан көрсетіп тұруына қарсы емеспін»,десе, әріптесі Қабиболла Жақыпов «депутаттардың жұмысын көрсету дұрыс қой. Бірақ кейбір заң жобаларын талқылау кезінде отырыс 4-5 сағатқа созылып кететін кездер жиі болып тұрады. Осы уақыт бойы телеарнадан көрсету қымбатқа түсіп кетеді. Осы жағын да ескеру қажет», деген пікірін жеткізген.