Депутаттар ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтарға мемлекеттік қолдау көрсетудің заңнамалық жолдарын жетілдіре түсуге атсалысуы қажет - Ж. Кәрібжанов

АСТАНА. Сәуірдің 19-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Парламент депутаттары ядролық полигондардағы сынақтардан зардап шеккен азаматтарға мемлекеттік қолдау көрсетудің заңнамалық жолдарын әлі де болса жетілдіре түсуге атсалысуы қажет.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстан - бейбітшілік елі» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында Мәжіліс Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжанов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Полигонның экологиялық апат аймағына кіретін аумақтағы тұрғындардың денсаулығын сақтау мәселесі де халық қалаулыларының жіті назарында болуы керек. Бұл өңірдегі қоршаған ортаның экологиялық жағдайын жақсарту барысына да әрдайым көңіл бөлген ләзім», деді Ж. Кәрібжанов.

Сонымен бірге, Вице-спикер жиынды қорытындылай келе, Қазақстанның бейбітшілік сүйгіш ел ретінде атақ-абыройының одан әрі өрлеуіне және Елбасының көпшілік көкейінен шыққан білікті бастамалары төңірегінде жұмылуға шақырды. «Жұртымыз ядролық сынақ зардабынан тезірек арылып, Қазақстанның экологиялық таза елге айналуына барымызды салуға тиіспіз», деді Ж. Кәрібжанов.