Депутаттар жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған заңдарды жетілдіре түсті

АСТАНА. Сәуірдің 4-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Заң жобасы балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының профилактикасына, сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру жөніндегі нормаларды ұсынып отыр.

Осындай түсіндірме берілген заң жобасы сәуірдің 8-і күні өтетін Палатаның жалпы отырысында талқыға салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне балалардың қадағалаусыз қалуының профилактикасы және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселесі бойынша толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда талқыға шығаруға дайындады. Осы заң жобасымен кәмелетке толмағандардың ойын-сауық ұйымдарына түнгі уақытта баруына шектеу енгізіледі, олардың болу тәртібін бұзуға жол берген адамдарға жауаптылық белгіленеді. Сондай-ақ кәмелетке толмағандарды құқық бұзушылықтар жасауға тартатын адамдармен жеке профилактикалық жұмыс жүргізу көзделеді. Заң жобасының нормаларын іске асыру балалардың қадағалаусыз қалуының және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мен жолын кесу жөніндегі профилактикалық шараларды қолдануға мүмкіндік береді. Депутаттардың бірінші оқылымда мақұлданған заң жобасына ұсынылған түзетулері Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі өкілдерінің қатысуымен жұмыс топтарының және Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің отырыстарында қаралып, талқыланды. Енгізілген түзетулер заң жобасының жекелеген нормаларын жетілдіруге, оның ережелерін басқа да заңдарға сәйкес келтіруге, сондай-ақ заң жобасының мазмұнын жақсартуға бағытталған. Заң жобасына депутаттардың енгізген 37 түзетуі салыстырма кестеде көрсетілген.